Халыққа қызмет көрсету орталықтары енді ақылы қызмет көрсетеді
Халыққа қызмет көрсету орталығында уақыт жоғалтқысы келмейтін азаматтар үшін ақылы менеджер қызметі пайда болды,-деп жазды КТК арнасы.
Яғни орталықтың маманы керекті анықтамалар жинайды, сіздің атыңыздан өтініш береді, керек болса көлігіңіздің құжаттарын да тас-түйін етіп дайындап, көрсетілген мекен-жайыңызға жібереді. Сондай-ақ ақылы қызметпен сатып алу келісім-шарттарын сенімхатсыз-ақ жасау мүмкін болып отыр. Бұл тізім алда кеңейе бермек. Азаматтар жеке менеджермен телефон немесе мессенджерлер арқылы үйден шықпай-ақ байланыспақ. Бұндай қызмет Астана мен Алматы қалалары және өңірлердің 37 офисында іске қосылды. Менеджердің қызмет ақысы істеген жұмысының күрделілігіне байланысты тағайындалады.
“Егер қаласаңыз, менеджермен телефон арқылы хабарласып, оны мекен-жайыңызға шақыртып аласыз. Ол Халыққа қызмет көрсету орталығы болуы шарт емес. Мысалы офисіңіз немесе үйіңізге шыққан менеджер келісім-шарт жасайды, кассаға төлем түскен соң қызметіне кіріседі”,-дейді ХҚО қызметін үйлестіру департаментінің директоры Ерлан Шүренов.
Дерексөздер: stan.kz