ХҚО қызметкері көпірден секірмек болған жігітті өлімнен құтқарды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының Сарыағаш аудандық ХҚО бөлім басшысының орынбасары Камилов Талғат Бағдатұлы поезд өткеліндегі көпірден секіріп, суицид жасамақ болған жігітті өлімнен арашалап қалды.
Үйіне бара жатқан Талғат Бағдатұлы жолай полиция автокөліктерін, жиналып қалған жұртты байқап жақындағанда, көпірден секіргелі тұрған жігітті көріп бірден көмекке ұмтылған.
«Мен досымның көлігімен үйге қарай келе жатқанмын. Бір кезде жиналған адамдардың «секірме» деп жатқандарын естідім. Көліктен түсе сала сол жігітке қарай жүгірдім. Қасына барып, «інім қалың қалай? Сенің бұлай істеуіңе не себеп болды, ақылға кел» деп қана сұрап үлгердім. Ойлануға уақыт болмады, ортамызда бір тосқауыл бордер бар, бірден әлгі жігітке қарай секірдім. Алғашында қолымнан тайып кетті, сосын қайта ұстап үлгеріп, айқайлап ұстаңдар дедім. Аман-есен алып шыққан соң қуанып, өз-өзіме келдім. Мен мұны ерлік демеймін, бұл- әрбіреуіміздің азаматтық борышымыз»,- деп Талғат болған оқиға туралы айтып берді.
Құлап бара жатқан жанды құтқаруға сол жердегі азаматтар мен полиция қызметкерлері де көмектесті.
Мемлекеттік корпорацияда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Талғат Камилов — халыққа адал қызмет етуден жалықпаған білікті қызметкер, отбасында үш перзент тәрбиелеп отырған ардақты әке.
Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» өз қызметкерін белсенді азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік танытқаны үшін марапатқа ұсыну мәселесін қарастыруда.