Қ.Ғабдолла, журналист: Әдiлдiк қайда?
25 жыл бұрын Қазақстанда бірде-бір миллионер жоқ еді, қазір оларды санап шығу қиын. Сонда бұл байлық қайдан келді? Мұның бәрі – ұрлық.
Рас, қазір біздің биліктегілер ұлттық ішкі өнімнің 20 есеге өскенін айтып, мақтанады. Шынында, осыдан 25 жыл бұрын бір қорап сіріңкенің 7 ТИЫН (теңге емес) тұрғанын әдейі «ұмытып кетеді»…
Ұлттық ішкі өнім 20 есеге өссе, азық-түлік бағасы, тұрмыстық заттар, коммуналдық қызметтер неше есеге өсті? Мұны шенеуніктер айтпайды. Ұлыбританиядағы ең аз зейнетақының мөлшері қазақ теңгесіне шаққанда 128 мың теңге де, Қазақстандағы ең аз зейнетақының мөлшері 11 мың теңге. Осыны салыстыруға бола ма?
Жыл сайын билік зейнетақының көбейгенін айтып жатады, бірақ, сомасын емес, пайызын жариялайды. Ал, сомасына келсең, небәрі 1,5-2 мың теңгеге ғана көбейеді. Орташа зейнетақы алатын қария 37 мың теңгені бір айға жеткізуге тиіс те, 1,5 млн. теңге жалақысы бар шенеунік әлгі қариямен бірдей коммуналдық төлем жасайды. Әділдік қайда? Шенеуніктің жалақысы – зейнеткердің кірісінен 30-35 есе көп. Мұны есептеу үшін қызыл диплом алудың қажеті жоқ қой…
Abai.kz