Қайрат Нұртастың ата-анасы жас кездегі қиын күндерін еске алды

«Еуразия» арнасындағы «Қалаулым» бағдарламасына қонақ болып келген Қайрат Нұртастың ата-анасы жас кездегі қиын күндерін еске алды, деп хабарлайды nur.kz. Әншінің әкесі пәтерге төлейтін ақша болмағандықтан жатақхананың әжетханасын жуса, анасы артынан келген киімдерін көшеде жайып сатуға мәжбүр болған.

 

«Мен Политехникалық Университетте оқыдым, әскерден кейін оқуға түскен студентпін. Білімім төмен болғандықтан, стипендия алмаймын. Ауылдан келетін ақшаның реті жоқ. Біздің Политехтың жатақханасында кілең жігіттер, машфакта қыздар аз оқитын. Пәтерге 25 сом төлейміз, ол ақша ойда –қырда жоқ. Сонымен мен деканатқа бардым, маған жатақхана беріңіз деп. Сөйтіп едім маған «Саған кім үйлен деді, бізде отбасылық жатақхана жоқ» деп айтты. Сонымен мен деканаттан шықпай қойдым. Олар маған шарт қойды: «Қай қабатта бос бөлме болады, сол қабаттың еден жуушысы боласың деді. Сөйтіп таңертең сағат алтыда тұрамын, студенттер ұйқыларынан тұрамыз дегенше дәлізді жуып шығамын. Ол кезде ламинат жоқ, линолеум болатын. Екі басында ерлер және әйелдер әжетханасы. Қолыма қолғапты киіп, шлангыны алып әжетхана тазалайтынмын. Жігіттердің әжетханасы таза болады, қыздардікі өте нашар. Студенттер ұйқыларынан тұрып жатқанда, мен шәйімді ішіп, сабаққа кетіп бара жататынмын»,- деді Нұртас Айдарбеков.

Ал Қайраттың продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова күйеуі қиын жағдайға тап болғанда, анасы мен ағалары әперген киімдерді қалай сатқанын айтты.

«Жолдасым бір күні Павлодар қаласына барып, бұзақы балалармен соқтығысып қалады. Нұртас әскерден келген жігіт болатын және Бауыржан деген 18 жастағы баланы шақырғанда, бұл аға ретінде оны тартып қалып, өзі барған ғой. 60 баланың алдына бір өзі шыққан. Сол кезде мұның ішіне пышақ сұққан, артқа бұрылғанда тағы да пышақтаған. Маған «жолдасыңыз пышақталды» деген хабар келді. Бұл хабарды естіген сәтте табалдырықтан көтеріле алмай жылағаным әлі есімде. Ол кезде телефон жоқ, комендантқа телеграмма келген.  Анам мен үлкен ағам жалғыз қыз болған соң, артымнан 10 чемодан импорт киім әкелген. Солардың барлығын базарға алып шығып, газет төсеп, киімнің бәрін шығардым. Қымбат киім болған соң, түске дейін түгелдей өтіп кетті. Қолыма қомақты ақша алдым. Қалғанын жатақхананың есігін ашып қойып, бөлмеге тізіп қойып, сатқанмын. Ол кезде Қайрат бес айлық. Осылайша өзім Павлодар қаласына күйеуіме ұшып кеттім. Осы бір жолдасымның практика кезінде басынан өткерген оқиғасы мені саудаға үйретті» ,- деді Гүлзира Айдарбекова.

Фото инстаграмм желісінен алынды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.