Қақпанға түсіп қалмаңыз!
Жол жағалап жүрген әрбір жанның жанары аялдамаларда, көп қабатты үй есіктерінің сыртындағы «Вам еще 25 лет?», «Работа пенсионерам», «Студенттерге арналған жұмыс», «Доход до
120000 тг» т.б. деген мәтіндегі жарнама жазбаларға көзі түсері анық. Мұндай жұмыстардың барлығы «желілік маркетинг» деп аталады.
Жарнамасы жарқырап тұрған жұмыстарға қызығып хабарлассаң, олар бұл жұмыстың оқуыңа, кәсібіңе ешқандай зияны жоқ екенінен әңгімесін бастайды. Яғни, бос уақытыңда айналыса беруіңе болады. Тек біраз ақша салуың керек. Сосын компания өнімдерін сатып, артыңнан туысқандарың, достарыңның бәрін жинап, көл-көсір ақшаға кенелесің. Ол ол ма, көлік, пәтер, шетелге жолдама береді-міс. Тап бір қолдарына сиқырлы таяқша алып, өміріңді ертегідей етіп өзгертетіндіктерін айтады.
Осы сипаттағы жарнамалар «Инстаграм» желісінде жетіп артылады. Хабарласа қалсаңыз бітті, күн құрғатпай хал-жағдайыңызды біліп, қандай шешімге келгеніңізді сұрап әлек. Бірінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине, олардың жұмысы да сол – адам шақыру арқылы ақы алады.
Желілік маркетингте жұмыс жасайтындардың қатарында «Ори-флейм», «Фаберлик», «Эмвей», «Эйвон», «Мэри кэй», «НЛ» секілді косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын компаниялар бар. Миллиондаған ақшаны, керемет өмірді айтып ауыздың суын ағызады. Байлықтың ауылы қол созым жерде екенін сізге сызып тұрып көрсете алады. Мұнда да пирамидалық құрылым бар, яғни адамдар арты-артынан тіркеле береді. Мұнда да белгілі бір соманы саласыз, есесіне салған ақшаңыздың орнына компания сізге өз тауарларын береді, яғни сатып аласыз деген сөз.
Көп жағдайда адамдар жоғарыда атап өткен маркетингтердің маңайындағы нәрселерге сенімсіз көзқараспен қарап жатады. Сондай-ақ «Аузы күйген үрлеп ішедінің» кебін кигендер де жетерлік. Сондықтан бақыттан бас айналдырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау секілденбеген дұрыс. Қандай да бір компанияға тіркелмес бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс.
«Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» демекші, бүгінде желілік маркетингтен жұмыс іздеп, жапа шеккендердің қарасы көбеюде. Сол жандардың бірі шымкенттік Мадина өзінің алданып сан соғып қалғанын айтады. Желілік маркетингке қомақты ақша салу үшін банктен қарыз алған. Күндер өтіп жатты, апта сайын табасың деген ақшалардың жалған екенін білген. Уәде еткен ақшаны ала алмайтынын түсінген соң, ол компаниядан кеткендігін айтады. Әлі күнге дейін банктегі қарызын өтеп, қиналып жүргендігін де жеткізді.
Білесіз бе, осы секілді алаяқтардың құрбанына айналып, ажырасып кеткендер де аз емес. Өзіне қол жұмсамақ болғандар да бар. Бейресми мәліметтерге сүйенер болсақ, Тәжікстан, Әзірбайжан мемлекеттерінде желілік маркетингпен айналысуға заңды түрде тыйым салып, тіпті, кейбір елдерде ислам ғұламалары «QuestNet» маркетингін харам деп таныған. Ал біздің елде бұл жаппай белең алуда. Қаншама адамның аузы күйсе де, басқалары одан сабақ алуға асығар емес. Не десек те, адал еңбектің наны қашанда тәтті болатынын ұмытпайық. Тоқ-сан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тәуекелге бел буып, желді күні қайыққа отырмағаныңыз жөн болар. Ал қандай да бір қайыққа отыра қалсаңыз, толқынның келер тұсын бағамдап барып жайғасқаныңыз дұрыс болар дегім келеді.
М.Тағай.