ҚАЛАДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙМЕК
Түркістан – түркінің төрі. Сондықтан да тарихи шаһардың әлемдік туризм орталығына айналуын, сәулетті ғимараттармен бұрынғыдан да еңселене түсуін, әсіресе, бауырлас елдер қуана құптап отыр. Расында қазіргі таңда құрылыс жүргізіп жатқан шетелдік компаниялардың ішінде Түркия мердігерлерінің орны бөлек. Бұл елдің кәсіпкерлерінің бір ғана рухнаи шаһарда ғана емес, бүкіл облыс аумағында да түрлі салаларды дамытуға мейлінше сүбелі үлес қосып келеді.
Облыс әкімдігі де бұл елдің кәсіпкерлерімен екіжақты тиімді келісімдерге қол жеткізіп, табысты жобаларды бірлесе атқаруда. Яғни, сансыз бапты Сайрамы, қасиетті Қаратауы, киелі Қазығұрты, кенді Кентауы, түмен бапты Түркістаны бар, бар аумағында төл тарихымыздың ізі сайрап жатқан өңірімізге түрік компанияларының ықылас-пейілі түзу, қызығушылығы да ерекше. Желтоқсанның екінші жартысынан асса да, қаладағы қызу құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімдігі де бұл жұмыстарды түгелдей бақылауына алған, жаңадан пайдалануға беріліп жатқан нысандар турасындағы ақжолтай хабарлар легі де күнбе-күн насихатталуда.Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында жаңа әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысы мен көлік инфрақұрылымының жоспары, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың орналасуы мен жағдайы және шаһардағы инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары, жалпы салынып жатқан нысандар, су арналары туралы соңғы мәліметтер талқыға салынды. Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынуда. Түрік компаниясы қолға алған бұл халықаралық әуежай құрылысы келесі жылы бітеді. Бүгінде жаңа нысанда 100-ден астам адам еңбек етуде. Алдағы уақытта туризмді дамыту үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, әуежайдан екі күнде бір рет Меккеге тікелей ұшақ қатынайтын болады.
Одан бөлек рухани астанадағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан басқармалар мен департаменттер ғимараттары мен Конгресс-холл, стадион, Оқушылар сарайы, аттракциондар саябағы секілді әлеуметтік маңыздағы нысандар құрылысында да тың серпін бар. Сонымен қатар халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттан-дыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай мәжілісте өңір басшысы:
«Құрылыс қарқынын күшейту керек. Ешқандай кедергілер мен себеп-сылтауларға жол жоқ. Ағаштарды отырғызу мен баптау мәселесі қатаң қадағалауда болсын. Тұрғын үй құрылысының сапасын жіті бақылап, тезірек пайдалануға беру керек. Қала орталығын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары баяу жүріп жатыр. Керек болса әр сектор қажетті техника мен қосымша жұмыс күшін тартсын»,-деді.
Басқосуда сондай-ақ «Арыс – Түркістан» каналын қалпына келтіру мен су мәселесі де көтеріліп, бұл жобаларды іске асыру, суаруға арналған судың тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттыру сөз болды. Аймақ басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жаңбырлатып суару әдісін дамыту мен азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмыстары бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Қаланың рухани тынысында да тың серпін бар. Мәселен жуырда Түркістанда «TURKISTAN – JASTAR QALASY!» атты жастар фестивалінің қорытынды кезеңі өтті. Жастар жылы аясында қолға алынған бұл өнер кешін облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған болатын. Жастар арасында мәдениеттің дамуына ықпал ету және насихаттау, бос уақытты ұйымдастыру, талантты жастарды анықтау, сондай-ақ жас дарындардың шығармашылық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қолдау таныту, салауатты өмір салтын насихаттауды басты мақсат еткен байқауға қатысуға ниет білдірушілер де көп болды. Бүгінгі таңда қала саябақтарында Street Ball, Street Workout, ұлттық ойындар алаңдары салынып, жастардың игілігіне берілсе, жастар фестивалінде үш ай бойы 4 спорттық-шығармашылық алаңда 1680 іс-шара ұйымдастырылды. Оған облысқа қарасты 13 аудан мен 3 қаладан 30 000-нан аса жас 6 бағыт бойынша қатысты. Жалпы өңіріміз бен облыс орталығында спорттық-шығармашылық әлеуеті жоғары жастар шоғырын қалыптастыру, жастардың көше мәдениетін дамыту көзделген жоба арқылы жаңа спорт алаңдары көбейе түсуде. Спортпен қоса өз өнерлерін де іркілмей ортаға салған жалынды жастар да түрлі номинациялар мен марапаттарды иеленді. Мәселен, Street Danse бойынша 1-орынды Kirin би тобы болса, RAP сайысынан «Бекболат» тобы, Street Workout сайысынан Жетісай құрамасы, Karaoke байқауынан Өмірзақ Арайлым үздік атанды. Ұлттық ойындарға келсек, асықтан Түлкібас құрамасы жеңімпаз атанса, ләңгіден Шардара құрамасы озып шықты. «TURKISTAN – JASTAR QALASY!» фестивалінің жабылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов жеңімпаздарды марапаттап, диплом мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Фестиваль жас жұлдыздардың концерттік шоу-бағдарламасымен жабылды.
Құрылысы қарқынды қалада осы бір жылдың ішінде жоспарланған нысандардың 102-сі іске қосылып, жалпы құны 500 млрд. теңге тұратын ғимараттар тұрғызылды.
Тұңғыш Президентіміз өңірімізге келген сапарында қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын атап өтіп, халқы көп өңір жас-тарының жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалына беруі керектігін баса айтқан болатын. «Әлеуметтік нысандар, заманауи әуежай салынады. Су мәселесі, жол бойындағы қаланың инфрақұрылымы толық шешімін табады. Яғни, Қазақстанда тағы бір үлкен қала бой көтереді. Құрылыстарды аралап көріп риза болдым, көп жұмыс атқарылған.
Келесі жылы көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің басшыларын шақырайын деп отырмыз. Олар келісімін берсе, мүмкін Түркістанда саммит өткізерміз. Естеріңізде болса, Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында Өзбекстанмен мәңгілік достыққа қол қойғанбыз. Жоспарлап отырған кездесуде сондай келісім жасайтын шығармыз», — деген Елбасы құрылыстан бөлек киелі қалада, жалпы өңірде туризмді дамыту бағытында ауқымды жобалардың қолға алынып жатқанын да айтты.
Жалпы өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да мүмкіндік бар. Бұл салада еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жоспарланып отыр, мемлекеттік қолдаулар арқылы жаңа агротехнологияларды тарту тәжірибесін пайдалану да өз нәтижесін беруі керек.
Сонымен қатар Елбасы қалада жаңадан ашылған Неке сарайының жұмысымен танысып, тапсырыс беруші Қостанай облысы болып табылатын нысанның талапқа сай тұрғызылғанын жеткізіп, «B-A Contractors SA» ЖШС-ға алғыс білдірді.
Ал Халыққа қызмет көрсету орталығын салуды Павлодар облысы жүзеге асырып, бұл ғимарат құрылысы да қарқынды аяқталды. Сонымен қатар еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі «BI Group» холдингі Түркістанда бірнеше нысанның құрылысын аяқтап, әкімшілік-іскерлік орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы және «Алатау» медиа орталығын тұрғызып берді. Қаладағы ең басты жоба саналатын әкімшілік-іскерлік орталықтың бір ерекшелігі – ерекше сәулетінде болса, облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер орналасатын ғимарат қос қасбеттен: HPL-панельдер мен ұлттық ою-өрнек түріндегі фибробетондардан тұрады. Қос қасбет негізінен ыстық аймақтарда жиі пайдаланылады. Себебі ол ғимаратты ыстықтан қорғайды. Дизайны да өзгеше. Онда көркем паркет, сәндік панельдер, ерекше факторлы мәрмәр қолданылған. «BI Group» холдингі әкімшілік-іскерлік орталығында сейсмикалық нормалар ескерілген, ғимараттардағы жылыту, желдету және салқындату жүйелері автоматтандырылған. Одан тыс электр мен жылу өндіруге арналған қондырғылар қойылған, артық шығындар болмауы үшін үнемді өндіріс технологиясы да қолданылған. Құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, жобаны мерзімінен бір ай бұрын аяқтады.
Бұл компания жүргізген тағы бір нысан – «Нұр-Сұлтан» алаңы. Ол 54 000 шаршы метр аумақты алып жатса, оның 30 000 шаршы метрі көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған, аспанға атылған су ағыны мың құбылып, тұман, гейзерлердің бейнесін жасайтын субұрқақ қойылған. Компания мұндай субұрқақты облыстың өзге аймақтарына да орнатпақ. Сонымен қатар «BI Group» холдингі қалада жергілікті БАҚ қызметі үшін салынған, заманауи құрылғылармен жабдықталған тағы бір ауқымды жоба – «Алатау» медиа орталығын салып бітірді. БАҚ өкілдеріне арналған ғимарат 4 қабаттан тұрады, 200-ден астам адам қызмет атқара алады. Медиа орталықта конференц-зал, телестудия, гример, аудио және видеомонтаж орындары, редакциялар мен әкімшіліктің кеңселері, брифинг-орталық, фуд-корт бар. Ал ғимараттың қасбеті күн жылуын 70%-ға дейін өткізбейтін энергия үнемдейтін шыныдан жасалған. Жалпы құрылыс компаниясы Түркістанда 7 маңызды нысанды салуда, оның ішінде «Ұлы дала» мұражайы, «Hampton by Hilton» қонақүйі және 7000 орынды футбол стадионы т.б. бар.
Ал облыс әкімдігінің жаңа ғимараты да әсемдігімен, ерекше сәулетімен көз тартады. Тарқата айтқанда, Түркістан шын мәнінде аймақтағы үлкен орталыққа айналып келеді. Бұрынғы бір бағытта ғана жүретін көшелер де кеңейтіліп, қала аумағы түгел абаттандырылып, жаңа қоғамдық көліктер де сатып алынуда. Қала аумағындағы қасиетті орындар мен киелі жерлер инфраструктурасы да түбегейлі жаңарып, шетелдік туристердің қаланы алаңсыз тамашалауына, рухани-мәдени орындарды аралап көруіне барлық қолайлы жағдайдың бәрі жасалатын болады.
Яғни, көне мәдениет пен өркениеттің ордасы болған Түркістан тәуелсіз мемлекетіміздің рухани астанасына айналып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші орынды, маңызды рөлді иеленетіні даусыз. Олай болса, киелі қаланы көркейту мен насихаттау жұмыстарынан біз де шет қалмауымыз керек.
Ұ.ӨСКЕН.