ҚАЛАМЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ ҚАТАР ӨРІЛГЕН ҚАЛАМГЕР
«Ерім дейтін елің бар, елім деуге жарасаң» деп М.Әуезов айтқандай, ел үшін еңбек етемін деген арман-мұраттың өзі бала жастан қалыптасатыны айдан анық. Жастайынан ел үшін шаруа тындыруды өзіне мақсат етіп өскен жандардың бірі Қабылбек Төретайұлы биыл 70 жасқа толып отыр. Жаратушының бойына берген асыл өнері – ақындығымен қоса қолына алған жұмысты аяқсыз қалдырмай үйренген еңбекқорлығы біраз биік-белестерден бой көрсетуіне негіз болды.
Қабылбек Төретайұлы 1950 жылы 13 қарашада Сайрам ауданы, «Қайнарбұлақ» елдімекенінде өмірге келген. Алғашқы мектеп табалдырығын аттауы 1958 жылы туған ауылы Қайнарбұлақ бастауыш мектебінен басталады. Талпынысының арқасында 1962-1966 жылдар аралағында Сайрам ауданының №9 сегіз жылдық мектеп-интернатында оқиды. Сол балалық шағынан бастап өлең-жырға әуестігі қолына қалам алдырып, қағаз бетіне жыр жолдарын төге бастайды. Ақындық шабытының өлеңге айналуы қойын дәптеріндегі жазылған шумақтардан-ақ көрініп тұр. Талантымен қоса талабы таудай бала Қабылбек 1968 жылы орта мектепті жақсы нәтижемен бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын 1968 жылы «Казмеханомонтаж» тресінде слесарь-жөндеуші қызметінен бастайды. Жазушылыққа деген құштарлығы, ана тіліне деген құрметі үздіксіз іздендіріп, 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сырттай журналистика факультетін бітіріп шығады. Сол алған білімін іске жаратып, 1976 жылы «Фосфор үшін» көп басылымды газетінде орынбасар, редактор болып қызмет атқарады.
Қабылбек Төретайұлы қызметпен қатар қаламын тастамай өмірден көрген-түйгендерін өлеңге, мақалаға арқау етіп, мерзімді басылымдарда үзбей жариялап отырды. Шарықтаған шабыты мен ой-толғаныстарының бәрі де көркем шығармаға айналып, «Қазығұрт – Қайнарбұлақ», «Бас-басына би болғаннан сақтасын», «Жан шуағы», «Арымның алауы», «Қаракөз қалқам», «Намыс найзағайы», т.б. кітаптары жарық көрді.
Ақынның өлеңдеріне танымалы композиторлардың ән жазғандары да бар. Мысалы, «Достар әні», «Жар назы», «Төле би» сынды әндері халық арасында әуелете шырқалып келеді.
Қабылбек Төретайұлы 1997 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облысы мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы болып қызмет атқарып, 2013 жылы зейнеткерлікке шығып, 2016 жылдың 1 наурызына дейін Облыстық архив директоры болып қызмет істеді.
Сайрам ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы, облыстық ономастикалық комиссия мен Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі Қабылбек Төретайұлының 70 жасқа толуына орай Түркістан облысының мемлекеттік архиві және Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы архиві бірлесе ұйымдастырып, «Намыс найзағайы» атты іс-шара өткізді.Іс-шарамызға Түркістан облыстық, қалалық, аудандық архивтерінің басшылары, сонымен қатар Қабылбек Төретайұлының зейнетке шыққан үзеңгілес жолдастары қатысты.
Кеш соңында ақын Қабылбек Төретайұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылығына толағай табыс тілеп, Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы архиві қызметкерлері ақ тілектерін өлең жолдарымен өрнектеді.
Жасынан жанашыр боп шын алашқа,
Ұзақ жыл еңбек еткен мұрағатта.
Құдай берген ақындық өнерімен,
Тараған кітап болып жыры алапқа.
Еліне ұшан теңіз жасаған іс,
Ақын деп барша халық атары анық.
Өмір бойы келесіз ізденіспен,
Қаламың мен жұмысты қатар алып.
Шығып тұрсыз жетпістің биігіне,
Еңбегіңе еліңіз сүйінуде.
Әрқашан өлеңіңіз тілеулеспіз,
Жүрегінде халықтың жүруіне.
Аман болсын әрқашан мал-жаныңыз,
Еш жамандық көрмесін әз жаныңыз.
Мықты болып деніңіз, жүзге жетіп,
Ақ сақалды атаға айналыңыз!
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің ұжымы.