Қапшағай су қоймасында екі жігіт суға кетті (ВИДЕО)
Қапшағайдағы «Сәуле» демалыс аймағында екі жігіт суға батып кетті. Бұл жайында сағат 17:00 шамасында суға кеткен жігіттердің әріптестері оперативті-құтқару қызметіне хабарлаған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Patrul.kz сайтына сілтеме жасап.
Құтқарушылар тобы оқиға орнына дереу жетіп, жеті сүңгуір жан-жаққа бөлініп, олардың денесін іздей бастады.
Куәгерлердің айтуынша, екі жігіт ескертуді тыңдамай, резеңке қайықта жүзіп кеткен екен. Олар шамамен 300 метрге дейін жүзіп барып, суға секірген, ал қайық сол сәтте ағыспен олардан ұзап кеткен көрінеді.
21 және 20 жастағы екі жігіттің шамамен батып кеткен жеріне куәгерлер жақындап, бөтелкемен белгілеп кеткен. Сонымен қатар, екі жігіт батып бара жатқан кезде бір ер адам скутермен олардың жанына барып, бір айналып, ары қарай өз жолымен жүріп кете берген.
Іздеу жұмыстары басталғаннан соң 20 минуттан кейін Жандос Құмарбеков есімді сүңгуір 4 метр тереңдікте жатқан мәйітті байқаған. Судың тұнық еместігіне қарамастан, Жандос судың түбіне дейін барып, алматылық жігіттің денесін алып шыққан.
Кейіннен, шамамен екі сағат өткеннен соң Жандос Құмарбеков тағы бір адамның денесін көріп, алып шыққан. Белгілі болғандай, ол суға батып кеткен екінші жігіт екен.
Құтқарушылардың айтуынша, суға түсуге келген адамдар көбінде ескертулерге мән бермей, белгіленген аймақтан асып кетіп жатады. Салдарынан көпшілігі зардап шегіп, қайғылы оқиғалар көптеп орын алады екен. Биылғы жазда Қапшағайда 15 адам суға батып, көз жұмған.