Кәрі қыз болғым келмейді
Кейбір қыздарға қарап таң қаламын. Өздерінің жолы болғыш. Жақсы жігітті ұстап кенедей жабысып, тұрмысқа да шығып алады. Бала туып, ана бақытын да сезінуде. Неге мен солай жасай алмайды екенмін, а?
Келбетім келісті, қазақтың қаракөз қыздарының бірімін. Бір емес, екі оқу бітірдім. Жұмысым да бар. Қалада қалатын болған соң, әкем бір бөлмелі пәтер де сатып әперген. Бәрі жетеді. Бірақ, жанымда жанашырым жоқ. Түнде бөлмемде жалғыз, жастықты құшып, осыны ойлап жылап та аламын. Осылай қанша уақыт жүреді екенмін?
Жүре берсең, таңдап қа-ласың деген рас екен. Сөз салған жігіттер болмады емес, болды. Бірақ, жүрегімді дір еткізіп, махаббат тұңғиығына батырар ақ боз атты сері шықпады алдымнан. Көн етіктіні менсінбей, көк етікті кезікпей, «әлі де көре тұрайыншы» деп жүргенде, жанымда «сүйдім, күйдім» дегендердің бірі де қалмапты ғой…
Қазір құрбыларымның алды 2-3 балалы болды. Олардың көшеде күйеуімен, балашағасымен серуендеп жүргенін көрсем, қызғанып қаламын. Тіпті олардың жанына барып, амандасуға да ұялам.
Күннен-күнге бетімнің әрі де кетіп барады. Өмірге деген қызығушылығым жоғалып, көшеге шыққым келмейтін болыпты. Осылай үйкүшік болып, жалғыз өтемін бе деп қорқамын. Онсыз да елімізде отырып қалған қыздардың саны көп, мен олардың қатарын көбейткім келмейді. Сондықтан, тәуекел, бірінші сөз салған жігітке тұрмысқа шығамын деп шештім. Алдағы тағдырым бір Құдайдың қолында…
Алма.