ҚАРЫМЫ БӨЛЕК ҚАЛАМГЕР

Жазушы, журналист, драматург, аудармашы Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Пістелі ауылында дүниеге келген. Оның есімі “қайырымдылық, мейірімділік,  мейірбандық, рақым, рақымшылдық,  шапағат,  шарапат өтінемін, Тәңір жарылқасын, Құдай тілеуіңізді берсін, құп болады, рақым етіңіз, түк те емес, ал керек болса, қарай көр өзін”  деген сияқты мінәйім мағыналарды  білдіреді екен. Махаңның өмірі және шығармашылық жолын  кезең-кезеңімен саралап, сараптап  көргенде бұған көзіңіз анық жетеді.

 

Ол аудан орталығы – Ванновка село­сындағы Абай атындағы мектеп-интернатта оқыған. Есейе келе өзінің шәкірттік шағы  жайында  «Интернаттың баласы» деп аталатын хикаят жазған.

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібірде, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеген. Түлкібас аудандық  «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. Жалындаған жиырманың үстіне шыққан  жас жігіт кезінен-ақ  баспасөз бетінде алғашқы әңгімелері жариялана бастаған. Облыстық  газетте қызмет істеп жүргенде  Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық  көрген кітаптарға рецензия жазуға әбден машықтанған.

Кезінде қазақ поэзиясының сұлтаны атанған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа!»-деп жар салса, Абайды оқуға  арнап  «Бес асыл іс. Бес дұшпан» атты керемет кітапша шығарған Мархабат Байғұт: «Абайды оқы, орында!» -деген мәніске шақырып отыр.

«Бүгінгінің Бейімбеті» деп бедерле­ніп жүрген Мархабат Байғұттың – эстет эссеист қаламгер екені баршаға белгілі. «Тылсым Тәкен», «Сындағы күй­ші» (Әлімқұлұлы), «Асқар аңсар немесе «Бесатар» хикаятын оқығанда» (Сүлейменов), «Қарауылбек рухымен сырласу» (Қазиев), «Қайырымды қала іздеп жүрсіз-ау, қайран аға…» (Мекемтас Мырзахмет), «Баукең бата берген» (Ханбибі Есенқарақызы), «Сүйінші, сүйінер суреткер бар!» (Нұрғали Ораз), «Сирек сыбызғы» (Нармахан Бегалыұлы), «Менің Шукшинім» (Василий  Макарович), «Капитан көке» (Әбжапар Жылқышиев),  «Бірегей Бердібектің бер бағасын…» (Соқпақба­ев), «Қаранар қаламгерлер» (Алтынбек Жолдасбеков, Сәуірбек Бақбергенов), «Егіз қозыдай екеу» (Сабырхан Асанов, Әсет Бейсеуов), «Кеңсай күнгейіндегі  көршілер» (Бауыржан Момышұлы, Тұтқабай Иманбекұлы), «Сәуірдің самалы» (Қалаубек Тұрсынқұлов, Қалдарбек Найманбаев), «Сіздің Сайлаубегіңіз» (Жұмабек), «Көркем жазу сабағы» (Нәсіреддин Серәлиев), «Ер Қаныбек ер-тұрманы бүтінделмей өтсе де…» (Сарыбаев),  «Жылы жақтағы жалғызым» (Жәлел Кеттебек),  «Шыңдағы Шерағаң» (Мұртаза), «Баркөрнеу бар қазаққа  көрінеді» (Бексұлтан Нұржекеұлы), «Менің курстастарым» (Ақжамал Манкеева, Зинол-Ғабден Бисенғали),  «Аға-досқа  арзу хат» (Дулат Исабеков), «Көркемдінің Кербұғысы» (Оралхан Бөкей), Тәкең және Сәукең (Әлімқұл­ұлы,  Сауытбек Абдрахманов), «Елшіл. Алашшыл. Ұлтжанды» (Дархан Мың­бай), «Қараүзген қаламгер» (Несіпбек Дәутайұлы), «Түркі текті Темірханға» (Медетбек), «Әбігерлі Әбілда» (Аймақ), «Эйфельдейін мұнараның маңында (қырғыз қаламгері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтан тәржіма), «Аға әзілдерін аңсаймыз» (өзбек жазушысы Насыр Фазылов), тағы басқалар жайлы жазыңқырағаны  осы айтқанымызға толықтай  дәлел бола алады.

Махаңның драмалық шығармалары сахнаның сәнін келтірген. Атап айтқанда, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрында қойылған  «Қарлығаш әулие – Төле би» (Шойбек Орынбаймен бірге жазған), «Бозторғайдың ұясы», «Көксу комедиясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Әттең-ай, әттең…», «Асқаровтың аққайыңдары» атты пьесалары жайлы көзіқарақты көрермен қауым ыстық ықыласқа толы пікір білдірген.

Аудармашы ретінде Василий Шукшин, Юрий Покальчук, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын, Уашингтон Ирвингтің Мұхаммед Пайғамбар туралы кітабын төл тілімізде сөйлеткен.  Ал өзінің шығармалары орыс, украин, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха (якут) тілдеріне тәржімаланған.

Жетпіс бесінде оқырман қауымға  жеті томдық шығармалар жинағын ұсынып отыр. Жазушы-драматургтың Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт  министрлігінің жанындағы Тіл саясаты комитетінің қолдауымен шыққан жеті томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілген.

Енді бір сәт әріптес қаламгерлердің Махаң жайлы жазған пікіріне құлақ түрелік: «Қазір Мархабат Байғұтовтың нағыз көсілер шағы. Біз оған көп жаз демейміз. Өйткені, ол – өз кейіпкерлерін  жанымен ұғып, жүрегімен танымайынша қолына қалам алмайтын жазушы. Тек біздің бір білетініміз – Мархабат Байғұттың қазіргі қазақ әдебиетінің үлкен үміт күтіп отырған ортаңқолдай өкілі екені» (Қалдарбек Найманбаев).

«Мархабат Байғұт – Бейімбет Майлиннің өнегесін жалғастырушы ғой. Бейімбет  әңгімелері Мархабат әңгімелерімен ұштасып жатады. Мұндай дарын, мұндай өнер  кез келген жазушының  қолынан келе бермейді. Мархабаттың күштілігі де осында» (Тұтқабай Иманбеков).

«Әдебиетті көп адам жасамайды. Әдебиет – жеке адамдардың еңбегінің жемісі.  Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғанымыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю  делать нечего», -депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп. Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл,  уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі  арамызда жүр. Оның аты-жөні – Мархабат Байғұт» (Дулат Исабеков).

«Біздің қазақ әдебиетінде Оңтүстік мектебі бар десек, қалай қарайсыз? Мысалы, Қарауылбек Қазиевтен бастап, осы Мархабат Байғұтты қосып айтқан кезде соңы келіп Нұрғали Оразға дейін тірелгенше бәрінің стилінде ортақ бір ұқсастық бар сияқты. Ішкі иірімі үйіріп әкететін жылы ағыс бар» (Жүсіпбек Қорғасбек).

«Махаңды бүгінгінің Бейімбеті» дейді сыншылар. Бұл тегін айтылған сөз емес, Махаңда Майлиннің стилі бар. Тіпті Николай Васильевич Гоголь мен Антон Павлович Чеховты да көп оқыға­ны көрініп тұрады» (Қуандық Түменбай).

«Мархабат жазған  «Банктің иттері» деген әңгіме өте қызық. Мархабат Байғұт көп оқиды, көп ізденеді. Мынау сол көп ізденудің нәтижесінде туған әңгіме. Бізде қазір «жаңа қазақ» дейтін ұғым пайда болды. Көбіміз мазақ­тай­мыз мұны… Бұлардың пірлері жоқ. Қазақтың алдыңғы буынын пір тұтпайды, бұлар бір-ақ нәрсені пір тұтады. Ақша. Бұларды компьютер қалыптастырған. Ұлттық мәдениет емес, кәдімгі компьютерде қалыптасқан  жаңа қазақтар, ерекше қалыптасқан. Олармен күнде кездесіп жүрміз, бұлар алдыңғы буынның жақсы қасиеттерін де алмаған,  олардың құндылықтарын да құндылық деп есептемейді, бұлар алдыңғы буыннан мүлде үзіліп қалған. Алдыңғы буыннан шорт кесіп тастаған сияқты. Бұларға ұлттың мүддесі, ұлттың мақсаты деген көк тиын. Осының бәрін «Банктің иттерінде» Махаң ашады. Бір қызық нәрсе, бұл адамдар туралы емес, кәдімгі иттер туралы. Банк иттерінің жүні жылтырап жүреді, өйткені  банкте күнде әртүрлі жиындар болады ғой. Содан қалған тамақты жаңағы иттерге береді. Осыны оқығанда жаңа қазақтарды қатарластыра еске түсірдім де отырдым. Кейіпкер нанын көрсетіп, иттерді шақырады ғой. Ана иттер келмейді, жақындамайды. Сонда: «Бұлар жаңа қазақтар сияқты ара қашықтықты сақтайды», -деп айтады. Иттерді суреттеу арқылы жаңа қазақтарды суреттеп, соған баға берген» (Әмірхан Меңдеке).

Мархабат Байғұт – жазушы, журналист, драматург, аудармашы.  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). «Құрмет» (1996), «Парасат» (2014) ордендерімен,  «Ерекше қызметі үшін» медалімен (2007), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен (2007) марапатталған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік стипендиясының иегері (2010). Қазақстан Жазушылар одағы Халықаралық «Алаш» Халықаралық сыйлығының (1996), Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлықтың, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, түбі бір туысқан Түркияның «Түркі дүниесіне сіңірген қызметі үшін» сыйлығының   лауреаты. Республикалық «Жалын» баспасы белгілеген сыйлықтың екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының  үш дүркін иегері.  Қазақстанның Құрметті журналисі (2009). Түркістан облысының Құрметті азаматы (2007). Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы.

 

Әбдісаттар ӘЛІП,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Шымкент қаласы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.