Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болды
Өңірдің ардагерлері, зиялы қауым, азаматтық қоғам және жастар өкілдері қатысқан жиында ел Президенті облыстың экономикалық мүмкіндіктерін атап өтіп, түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселеге назар аудара келіп:
«Облыстағы орташа жалақы мөлшері – 112 мың теңге. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Өңір кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту екенін ескертемін. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыру қажет»,-деді.
Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігінің төмен екеніндігіне тоқтала келіп:
«Жергілікті әкімдік агросектор саласының мамандарымен тығыз жұмыс істеуі қажет. Облыста қант қызылшасы, жеміс және көкөніс дақылдарының көлемін көбейтуге мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайтып, өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырамын»,-деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық мәселесіне де тоқталып:
– Жемқорлықты түбегейлі жойғанша күресеміз. Әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Ел экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқатының артуы осыған тікелей байланысты. Жемқорлықпен күрес – менің Президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі. Бұл іске аймақ өкілдері белсене араласуы керек, -деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық, ауылдық елді мекендердегі жолдарды жақсартуды, білім беру нысандарын көптеп салуды, сол арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жастарға әрқашан қолдау көрсетілетінін және білікті мамандардың шығармашылықта, қызметтік сатыда өсуі үшін кедергі болмауы керектігін айтты.
Құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту қажеттігін ескертіп, өңірдегі мал ұрлығы мен есірткі саудасына тосқауыл қою керектігіне тоқталғанда:
«Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Сондықтан, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Есірткі қылмысының ушығуы – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет!»-деді Мемлекет басшысы.
«Ақорда»