Қазақ халқына ең алдымен мәдени-рухани тәуелсіздік керек
Ақселеу Сейдімбек
Күн сайын, сағат сайын, минут сайын қазақ ұлтының рухын, Қазақстанның мемлекеттігін аздырып-тоздыруға бағытталған БАҚ-тың улы тасқыны халықтың төл болмысына мейлінше жағымсыз ықпал етуде. Біздің бұл келтірген мысалдарымыз жүздің, бәлкім мыңның бірі ғана. Қазір Қазақстанның әуе толқынында 70-тен астам телеарна, 50-ден астам радиостанса жұмыс істейді. Соның бірде-біреуі таза қазақ тілінде емес. Көшеде, жұмыста, үйде, ас үйде, жүргіншілер көлігінде, сауда орындарында, демалыс орындарында, қысқасы, Қазақстан аспанының астында тек қана шетелдік музыка, қазақ тілін, қазақ музыкасын есту мүмкін емес. Ау, бауырлар-ау, осындай да елдік, осындай да тәуелсіздік бола ма екен?! Қазақ халқын тұқыртып, қорлап, мәңгүрттендіріп қол жеткізген тәуелсіздік кімге керек?! Қазақ халқының халықтығын жою арқылы қол жеткізген тыныштық кімге керек?! Халық – тыныш жерге қамап қойып бордақылайтын мал емес қой! Қазақ халқына ең алдымен мәдени-рухани тәуелсіздік керек!
* * *
Қазақ жерінің сатылуы немесе жекеменшікке берілуі деген идея Қазақстанның мүддесін, оның ішінде қазақ халқының мүддесін ойлаудан туған деп айта алмаймын. Мұндай заң шығар болса, қазақ жері ұстанағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні аян. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытудың, жерге ұлттық дәулет ретінде қараудың және сол жерге бауыр басудың құқықтық тетіктерін ойластыру керек.
Тәуелсіздік алған жылы 1-сыныпта оқыған баланың он бір жыл бойы қараған жалғыз ғана сауық-сайран терезесі – теледидар болса, ол терезеден тек қана бөтен тіл мен ділде тасқындаған кісәпір хабарларды тамашаласа, ол балада қандай білім, қандай патриотизм, қандай рухани төлтумалық болмақ?… Енді он жылда осы ұрпақтың бүгінгі тізгін ұстағандарды алмастыратынын ойлағанда, шырқыраған жанымды қайда қоярымды білмеймін.
* * *
Ұзақ уақыт отаршылдықта болып, азаттыққа қол жеткізгеннен кейінгі елдер беттесетін қиындықтардың өте ұқсас болатыны назар аудартады: әлеуметтік ауыртпалық, тұралаған экономика, коррупция, жұмыссыздық, маскүнемдік, есірткінің дендеуі, жезөкшелік, жұқпалы аурулардың етек алуы, сыртқы ықпалдың күшеюі, т.б. Мұның бәрі – өтпелі кезеңде этностың өмір-салты мен этнокіріктіруші институттарының күйреуі барысында көрініс табатын зардаптар. Рас, отаршылдық артта қалды, өз тағдырымыздың тізгіні өз қолымызда. Алайда этнос болмысына отаршылдық кезеңде сіңген құлдық менталитет әлі де бізбен бірге ілесіп келеді. Мұндай дерттен ада ұрпақ әзірше әлеуметтік-саяси тізгінге ие боларлық межеге жете қойған жоқ.
* * *
Әрине, ұлт тағдыры сынға түскенде қорғап қалған шыбын жан кімге және не үшін керек?! Мен үшін ұлтымсыз өмірімнің мән-мағынасы жоқ. Рас, менің бұл сөзім әсіре патетика сияқты естілуі мүмкін. Бірақ имандай шыным сол. Егер маған Құдай тікелей ұялы телефон шалып: «Сенің халқыңның жадынан «Елім-ай» әнін өшірейін бе, әлде сенің жаныңды алайын ба?» десе, онда мен еш ойланбастан былай деген болар едім: «Оу, Құдеке, сен сөзіңде тұр, менің жанымды дәл қазір ал, бірақ халқымның жадында мәңгілік «Елім-ай» әні қалатын болсын…».
Бұл да әсіре сөз болып естілуі мүмкін, бірақ жан-жүрегімнің шындығы осы. Мен ұлтымды осылай жақсы көрем.
* * *
Осы уақытқа дейін Қазақстандағы телеарналар және оның халыққа тигізіп отырған мейлінше жағымсыз әсер-ықпалы туралы барлық деңгейде, барлық мүмкіндікте сөз болып бақты. Өкініштісі, еш нәтиже болмай келеді. Телеарналардағы мақсатты түрде және зиянкестікпен көрсетілетін жағымсыз, сауатсыз өнімдер қазақстандықтардың, әсіресе мемлекеттігімізге тірек ұлт болып отырған қазақтардың ұлттық төл қасиеттерін ығыстырып, тарихи жадын өшіріп, жас ұрпақтың жан дүниесін аздырып-тоздырудың бірден-бір ықпалды тетігіне айналуда. Қазақ ұлты көз алдымызда ұлттық төл қадір-қасиетінен айырылып, дәстүрлі мәдениетінен көз жазып, рухани дүбәра болып барады. Бұл сөздер – халықтың жанайқайы.
* * *
Тағы да «Тусовка» айдарымен түнгі клубтардан тікелей репортаж. Бұл жолы «Ерлер стриптизі» деген жарнаманы ең ұлы рухани жетістік ретінде насихаттады. Сондағысы екі негр жігіті, бұтында екі елі ғана лыпа, оның өзі еркектік белгісіне пана болып оңдырып жүрген жоқ. Сол екі негр изеңдеп, итеңдеп, төсек қимылының небір сорақы үлгісін көрсетеді. Ал оның төңірегіндегі қазақ қыздары негрге бөксесін төсеп, жанаса сүйкеніп, ол да итеңдесіп мәз.
Не болды?! Не болдық?!
Тағдырға не жазып едік, көз алдымызда, өз жерімізде, өз елімізде осынша қор болатындай, осынша қорланатындай! Құдай мұндай тәуелсіздікті бергеннен де, бермей алғаны артық еді ғой! Мұндай сұмдыққа халық түк те істей алмайтыны аян. Төріндегі теледидарын сындыра алмайды. Телеарнаға теракт жасай ал-майды. Елге қорған болар Үкімет осындайда керек емес пе? Үкімет-ау, құтқарсайшы мына қорлық тозағынан!
* * *
Демократия деген сөз ауызға алынбаған социалистік тоталитаризм кезінде Қазақстандағы қазақ тіліндегі телехабарлардың өнімі 70 пайыз болатын. Қазір болса, жалпы телеөнімнің қазақ тіліндегі үлес салмағы – 7-ақ пайыз. Демократия деген ұран енемізді ұрып, бесіктен белі жаңа шыққан балаларымызды тумай жатып ассимиляцияға түсіріп жатыр. Бұл – ұлт болашағына төнген қауіп. Неге мен өз үйімде, өз отанымда, өз төрімде отырып, немерелерімді жат тілдің шабуыл-ықпалынан қорғауым керек? Неге балашағамды орыс-орманның неше түрлі секс клиптерінен, неше түрлі «ужас фильмдерінен» қорғауым керек? Оны менің мемлекетім қорғауы керек қой. Бірақ менің мемлекетім, әсіресе, менің үкіетім осы шаруаның мән-маңызын әлі де болса терең сезіне алмай отырған сияқты.
* * *
Ал енді билік тізгіні қолына тиген маргиналдар бар емес пе, бұлар ұлт үшін, мемлекет үшін мейлінше қауіпті. Өйткені, ұлт тағдырына, мемлекет тағдырына қатысты істерде кәсіби біліктіліктен бұрын, адам бойында ұлтжандылық сезім міндетті түрде болу керек. Ал ұлтжандылықты ақшаға сатып ала алмайсың немесе адам бойына қызмет орнымен бірге дарымайды. Адам ұлтжанды болып этникалық төлтума ортада қалыптасады, сол ортадан бойына сіңірген ұлттық қасиеттерді табанды ізденістермен шыңдайды. Сөйтіп, ұлттық асыл қасиеттер жолында өзін ойланбай құрбан етуге бар болмысымен даяр болады. Ал маргиналдар болса, олар ұлттық асыл қасиеттерден бейхабарлар. Олар ұлттың қандай асыл қасиеттері үшін өздерін құрбан етуге болатынын білмейді. Мұндай адамдарды билік басына шығару – баланың қолына жалаң қылыш ұстатқанмен бірдей.
* * *
БАҚ-тың ең бір киелі қызметі бар. Ол – ақпараттық, ағартушылық қызмет. Төртінші билік, анау-мынау дегеннің бәрі астына қойылған көпшік. Біздің Қазақстандағы мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңағы аталған критерий табыла қоймайды. Оның орнына өсек бар, өтірік бар, қулық бар, сұмдық бар. Соған әй-шәй дейтін ешкім жоқ. Орыстілді басылымдарды қарап қалсаң, қазақтың қыздары тәнін сатуға жарнама беріп жатады. Кім қой дейді осыған?
Ақпараттың тасқыны, оның экспансиялық әсері ұлттық қасиетімізді мүлде құнсыздандырып кетпей тұрғанда, тізгінді қолға алуымыз керек.
Әлемде адам құқы деген қастерлі ұғым бар. Кез келген адам – әке-шешесінің ғана емес, ұлтының да перзенті. Егер адам құқы шын мәнінде қорғалатын болса, алдымен ұлттың құқы қорғалуы керек. Тәуелсіздік алған тұста ұлттық қасиеттерімізді жойып алмаудың бар амалын қарастырғанымыз жөн.