ҚАЗАҚҚА ЖАТ КРЕМАТОРИЙ

Нұр-Сұлтан қаласында өлген адамның денесін өртейтін крематорий салынбақ. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд. 519 млн. 285 мың теңге жұмсау жоспарланып отыр. Крематорий салудағы мақсат – дәстүрлі жерлеу орындарының көлемін азайту-мыс.

Мұсылман халқының түйсігіне жат «крематорий» десе қазақтың денесі түршігеді. Тіпті көз алдыңа елестетудің өзі ауыр. Жақынының денесін өрт түгілі қара жерге қимайтын қазақ халқы үшін бұл мүлде жат дүние! Бақилыққа аттанған адамын ақ жуып, арулап қоятын біздің халық үшін мәйітті отқа тастау – ақылыңды отқа тастаумен бірдей. Үрейлі-ақ. Енді бас қаламызда адам денелері отқа оранбақ па?

Қазақ енді жерленбейді, өртеледі. Айтудың өзі жүрегіңді ауыртады. Қазақ бүгінге дейін жерінің кеңдігімен мақтанып келді. Әлемде 9-орын алатынын айтып кеуде кереміз. Ал енді жер жетпегендіктен крематорий саламыз дегендері қай сасқаны? Билік неге крематорий салуға құлшынып отыр? Біздің билік басындағылар осы шынымен мұсылмандар ма екен? Өткен жолы шошқаны айтты, ал енді крематорий салмақ. Құлағымыз бен көзімізді бірте-бірте үйретіп, бізге нені аңғартқысы келеді?

Айта кетейік, Қазақстанда крематорий салу туралы қызу талқы 1987 жылдан бері жалғасып келеді. Сол әңгіме биыл тағы айтылды. Бұл жолы айтылып қана қойған жоқ, «Ашық Үкіметтің» «Ашық бюджеттер» порталында арнайы жоба әзірленіп, жарияланды.

Қазақ халқы қай заманда да өлген адамның денесін жерге табыстаған. Ал, Жапония мен Үндістан елдерінде мәйітті өртеу дәстүрі бар. Қытай, Швеция елдері мәйітті өртеп жіберуге мәжбүр. Ресейде алғашқы крематорий 1918 жылы салынып, бүгінде оның саны 17-ге жетсе, Жапонияда – 11 мың, Чехияда – 80, Венгрияда – 60 крематорий жұмыс істейтін көрінеді. Кезінде Мәскеуден Дінмұхамед Қонаевқа Алматыда крематорий салуға нұсқау берілген. Алайда бірінші хатшы дінімізге жат дәстүрді қолдамаған. Осылайша ол «Өлікті өртеу қажет» деген орталықтың шешіміне қарсы тұрған. Десек те, «Әр елдің салты басқа…» демекші, пұтқа табынушылардан қалған бұл дәстүрдің әруақты қорлау болып саналатынын ұмытпайық.

Кез-келген бір оғаш нәрсені адам алғаш естігенде шошиды, бірте-бірте көріп, естіп, құлағы мен көзі үйренеді, айналасындағы жұрттың жасағанын көріп, әдеттегі жайт деп қарайды. Қазақ халқының таным-түсінігіне мүлде қарама-қайшы «өлікті өртеу» дәстүрі үйреншікті дүниеге айналмаса игі.

Дінімізде жоқ дәстүрді қазақтың қанына сіңіру үлкен қасірет. Соңғы жылдары біздің арналарымызды жаулап алған үнді сериалдарынан көретін өлікті өртеу дәстүрінің мұсылман елінде мұнша қаражат шашып салынатындығы ойлы оқырмандарымызды да алаңдатпай қоймас…

Ұ.Өскен.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.