ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Е.Қошанов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы М.Қасымбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыстардың әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚХА Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы
XXIX сессиясының шешімдерін және Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тұрғысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың басты міндеттері талқыланды. Ассамблея бірыңғай азаматтық ұлт құруға, қазақстандықтарды әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне кеңінен тартуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастырып жатқандығы атап өтілді.
Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚХА Аналар кеңесінің этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлесімді этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі қызметі туралы айтып берді. Облыста 50 түрлі этнос өкілдері тұрады, бұл, облыс халқының 25 пайызын құрайды, тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалған.
Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи осы қоғамдық құрылымның қызметі тоқталды. Аналар кеңестері ажырасулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастар арасындағы суицидтің алдын алу, интернетке тәуелділік, нашақорлық таралуының алдын алу және т.б. өзекті әлеуметтік проблемалармен айналысады, осы бағыттар бойынша жобаларда 44 мыңнан астам адам қамтылған.
Қазақстандағы этносаралық толеранттылық туралы айта келе, спикер бүгінде елімізде 800-ден астам отбасы түрлі этностардың балаларын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Мысал ретінде Қостанай облысы Алтынсарин кентінен Төлегеновтер отбасын келтірді. Олардың 12 баласы бар: алтауы – қазақ, үшеуі – орыс, екеуі – татар, біреуі – башқұрт. 2014 жылы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Асар» акциясы аясында бұл отбасы үшін кең үй салынды.
Сонымен қатар спикерлердің баяндамаларында азаматтарды бірыңғай қазақстандық қоғамға неғұрлым тығыз интеграциялау, оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және балаларды тәрбиелеу проблемалары, балаларға арналған сапалы медиа-контентті қалыптастыру, кибербуллинг, көп балалы аналарды әлеуметтендіру және т.б. өзекті тақырыптар көтерілді.
Іс-шара соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметі мен міндеттерінің басымдықтарын атап өтті.
Жергілікті деңгейде жұмыс тиімділігін арттыруға, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, ел бірлігін одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларды кеңінен қолдауға және жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Ассамблеяның қоғамдық институттарының қызметін бұқаралық қоғамдық коммуникация тетіктері ретінде жандандыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының заманауи және тиімді форматтарын енгізу, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік саясатты жүйелі ғылыми-зерттеу және сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.