Қазақстанда бензин бағасы қалай өзгерді
QAZYGURT.KZ: Қазақстанда осы жылдың қаңтар айында мұнай өндірісі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 7 пайызға, дизельдік отын өндірісі 11 пайызға өскен.
«Қазақстанда қаңтар айында өндірілген мұнай көлемі мен газ конденсаты 8 млн тоннаны құрады. Оның жартысынан көбі — 4,4 тоннасы (55,1 пайызы) Атырау облысында өндірілген. Екінші орында және үшінші орында Маңғыстау (1,5 млн тонна, үлесі 19 пайыз) және Батыс Қазақстан облысы (1,1 млн тонна, үлесі 13,3 пайыз) тұр», — делінген хабарламада. Мұнай өндірісімен бірге жанар-жағармай өндірісі де артқан. Атап айтқанда, бензин өндірісінің өсімі 31,5 пайызды, дизельдік отын өндірісінің өсімі 10,6 пайызды құраған. Елде мұнай мен жанар-жағармай өндірісінің артқанына қарамастан, сегменттегі бағалар, әсіресе дизельдік отынның бағасы айтарлықтай өсіп кеткен. Қысқы дизельдік отын бірден 26,2 пайызға қымбаттап, литріне 268 теңгені көрсеткен. Ал жазғы дизельдік отын 21,9 пайыздық өсіммен литріне 193 теңгеге жеткен. Сонымен бірге, АИ-98 маркалы бензиннің де бағасы 1 пайызға өсіп, 191 теңгені құраған. Ал АИ-95/96 және АИ-92 маркалы бензиннің бағалары керісінше, 2,1 пайызға (литріне 174 теңге) және 4,6 пайызға (литріне 152 теңге) арзандаған.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz