ҚАЗАҚТА СҮРБОЙДАҚТАР НЕГЕ КӨП?

– Күйеуге шыққанбысың, қызым?

– Жоқ.

– Күйеуге шыққың келе ме?

«Тақиялы періштеге» сыңар іздеген Тананың бұрымдылармен әңгімесі осылай өрбитін. Ал дәл тап осы сұраққа қыздардың жауабы дайын. Басым көпшілігі «жақсы жігіт жоқ» дегенді алға тартса, ХХІ ғасырдың «тақиялы періштелері» «қыз жоқ» деп қаймығады. Бұл бос сылтаулары ма, әлде шынымен осылай ма белгісіз.

Сырғалыларымыздың жақсы жігіт дегені төрт құбыласы тең: үйі, көлігі, тұрақты жұмыс орны бар қалталылар. Дегенмен бұл қыздар үшін аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Өздерінің тұрмыс-тіршілігі мен білім-білік деңгейіне қарамастан қыздар «алтын балық» ұстағысы келеді. Бөріктілердің «қыз жоқ» дегендерінің астарына үңілсек, көп сыр жатқандай. Көпшілігі қыздарымыздың ақылына көркі сай, отбасында адал жар, тәрбиелі келін бола алатын қасиеттері бойынан табылуын қаласа, кейбіреуі «пәктігін жоғалтпағаны маңызды» деп жауап береді.

Еліміздегі бойдақтардың санының артуының бір себебін осымен ұштастырсақ, әбестік емес болар.

2020 жылға дейін халық саны 20 млн. адамға жетеді деген жоспарды да межелеп қойған едік. Әне-міне дегенше 2020 жыл да есік қағып тұр. Бірақ біздің статистика бойдақтардың қатары азаймағандығын көрсетеді. Осы тұрғыда мамандар пікіріне де құлақ түрелік.

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:

– «Кәрі қыз деген – бәріміз», яғни оған бәріміз кінәліміз. Қоғам кінәлі, адам кінәлі, айналып келгенде бәрі. Жүректі ауыртар ауыр мәселе. Мұның демографиялық анықтамасы бар – 25-тен асқандар «кәрі қыз» деп есептелінеді. Олардың тең-құрбыларының аз болуы да олардың көбеюіне септігін тигізуде. Еркектердің басым бөлігі не қайтыс болуы мүмкін, не түрмеге түсуі мүмкін, не ауру, не маскүнем болып кетуі мүмкін. Басты себеп – еркектердің аздығы. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сияқты, кәрі қыз деген де жақсы ат емес. Ол жағылмаған ошақ, көтерілмеген отау. Әр әйелді орташа есеппен үш бала табады десек, сонда бұл 1 миллионнан аса туылмаған бала деген сөз.

Мұны айтпасақ бұл мәселе қашан шешіледі? Студент қыздарға сабақ өткенде үнемі айтып отырамын: «Айналайындар, кәрі қыз боп қалмаңдар. 25-30 жаста психологиялық толысудан кейін тұрмысқа шығу өте қиын болады. Төлеген іздеп келмесе, Бекежанға кете беріңдер. Бекежанды ұнатпасаңдар Сансызбайға барыңдар. Бұлар болмаса басқа байлар бар» деймін. Жүрегің ауырады. 40-қа дейін күйеуге тимесе, бала тумаса, солған гүл сияқты, жемісі жоқ ағаш сияқты емес пе? Бұл проблема орыстарда сирек кездеседі. Француз, ағылшын, немістерде мүлде жоқ десе де болады. Олар демографиялық тығырықтан өткен, -дейді ашына.

Жасыратыны жоқ, замандастарымыздың бойдақ атануына себептер тізбектеліп кете береді. Осы тақырып аясында жастармен сұхбат құрғанымда, басым көпшілігінің айтары – материалдық жағдайдың келмейтіндігі. Ал, қыздар жағы бала бағудан гөрі карьера қуалауды жөн көреді. Осы жерде тағы бұрынғыларды айтамыз. Біздің ата-аналарымыз көк қағаздың жуан-жіңішкелігіне қарамады. Бірін-бірі ұнатып, сүйіп қолын ұстап кете барды. Олар барлық жетістікке қол ұстасып бірге жеткеннен соң, барын да бағалай білді. Өмірдің ыстық-суығы оларда да болмады емес олар да болды. Бірақ олар төзе білді. Ал бүгінде оңай дүниенің жас жұбайларға ешбір құны болмағандықтан, дайынға тап болғандықтан, ажырасып кетуге асығып тұрады. Ал жастардың отызда орда бұзбай, қырық жасқа келіп те бойдақ атануы елімізге өзімен бірге үлкен мәселелерді әкеледі.

Ұ.Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.