Қазақтың бойындағы ірілікті,Мықтылықты аңсап жүрмін
Дулат Исабеков
Совет өкіметін қанша жамандағанымызбен, онда тәртіп қатал болды. Адамдар адамгершілікті басты ұстын етті. Ғабеңдерден басталған ақсүйектік мінез, тазалық, өтірік айтпау, алдап-арбамау секілді қасиеттер алға шықты. Бір-бірін жағадан алып, ренжіссе де, жауласуға барған жоқ. Ел тәуелсіздігін алып, ел жаппай нарыққа көше бастаған кезде адамдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетті. Бұрын қалай еді? Барлығының материалдық деңгейі бірдей еді. Совхоз директорының ары кетсе, бір-екі киер киімі артық болған шығар. Бүгінгідей зәулім-зәулім сарайлар салынған жоқ. Жемқорлық деген болған жоқ. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Уақыт та бөлек. Бұл қайдан пайда болды? Себебі, бұрын адамдардың арасында ондай ақша табу мүмкіндігі болған жоқ. Банкир дегенді естідік пе? Банкке тәуелді болдық па? Несие дегеннің не екенін ұқтық па? Жоқ. Мұның бәрі нарық экономикасына бейімделген қоғамда ғана бар еді. Біз сол қоғамға бірден сүңгіп кеттік те, ештеңенің байыбына бара алмай қалдық.
Ұлылықты үлгі тұтып отырған ешкім жоқ. Адамдар ұсақталып барады. Эгоизм басым. Өз «менін» жоя алмайды. Білімді, білікті дейтін кей азаматтардың да бойынан осындай кемшін қасиеттерді жиі байқап жүрміз. Ірілік жоқ. Сыйластық, кешірім, мейірім… дамымай қалған. Мұның бәрі қоғамды кері кетіретін, алға бастыртпайтын жаман әдеттер. Өз мініңді өзің білмесең, өзгелердің мінін қалай түземексің? Ниет бұзылды, ой өзгерді. Ниеті бұзық адамдарға қарап, қорқасың. Ұрпағыңның тағдырына алаңдайсың. Қазақтың бойындағы ірілікті, мықтылықты аңсап жүрмін…
Өзімен-өзі қырқысып жатқан қазіргі ислам әлемі әртүрлі ағымдарды араларына енгізіп алып, мемлекеттің негізін шайқалтып жатқаны бәрімізді сақтандыруы тиіс. Біздің елде жүгенсіз кеткен, еркімен кеткен әртүрлі ағымдар адамдардың арасына алауыздық тудырып, жастарды тура жолдан тайдырып бара жатыр. Оған қарсы күресіп жатқан ешкім жоқ. Әрекетсіздік үлкен қатерге апарып соқтыруы мүмкін.
Жазушы ағайындар да үндемес болып, Жазушылар одағының ел арасындағы беделін әбден түсіріп болды. Олар ұлттық мүддеге байланысты бірде-бір жиын өткізіп көрген жоқ, басқа жақта өтіп жатқан ондай жиындардан да аулақ жүреді. Қара бастың қамы ғой баяғы. Жақынды жағалап, ағаны сағалап, ешкімге қарсы келмей тыныш жүргенге не жетсін! Сонда бас та аман, құлақ та тыныш, қарын да тоқ, уайым жоқ. Ұлттық мүдде мен ұлттың уайымы өз бетінше өмір сүре берсін!..
Мемлекеттің ауылды гүлдендіруге жыл сайын 155-160 миллиард теңгелері бар. Бірақ, ауыл гүлденбей жатыр. «Ауыл – алтын бесік» деген жаттанды сөз емес, ұлттың алтын бесігі ауыл болады. Өткен заманда ауыл – тіл, ауыл – дін, ауыл – діл, ауыл – болашақ және ауыл – тұрақтылық еді. Әркімнің өз жұмысы бар. Бір бос жүрген кісі көрмейсің. Асып-тасыған, елден оқ бойы озған ешім жоқ еді. Совхоз директорларының балалары кішкене жақсы болған шығар, бірақ, олардың да көп болса бір бәтіңкесі не бір костюмы артық. Ал, қазір ауыл-ауданның әкімдеріне қараңыз.
Білімсіздік дегеніміз не? Оқымаған надандық па? Бірақ бұлардың барлығы кемінде 11 жыл мектеп партасында отырғандар ғой. Кезінде жеті кластық білімімен ел басқарған адамдар болды. Оны тарихтан білесіздер. Әріп танымайтын, мектепте отырмаған ақсақалдар әлдеқайда ақылды болған жоқ па? Меніңше, мұндағы ең үлкен кілтипан – сананың төмендігі.
Бұрын әдебиет пен оқырман бірге еді. Бүгін әдебиет пен халықты бөліп тастағандай әсер аламын. Соның кесірінен білімі саяз, санасы төмен жастар кез келген ағымға, кез келген уағызға ілесіп кете береді. Ішкі мәдениеті қалыптаспаған, бағыт-бағдарынан айырылған жандар көрсеқызар, ілеспе, уланғыш келеді. Екінші жағынан, тұрмыстық әлеуметтік жағдайы да себепкер боп жатады. Сананы тұрмыс билеген заманда «Ақша төлеймін» десе, кейбір жастар халыққа қару кезенуден де тайынбай кете ме деп қауіптенемін. Білесіз, рухани жаңғыру деген дүние бізде қазір ұранға айналып бара жатыр. Біреу кітабының тұсаукесерін өткізсе, «рухани жаңғыру» деп қоятын болыпты. Біз бұл жазусыз-ақ баяғыдан жаңғырып келгенбіз. Рухани жаңғыру деген – сананың жаңғыруы. Осы секілді мемлекет мәселесі өте көп. Ұлттық мемлекетті құрудан біз қорқамыз. Қазір санақ бойынша қазақтардың саны 67%-ды құрайды. Бір өкініштісі, осы санды біз кейде төмендетіп көрсетеміз.
Бізде мемлекеттің қамын ойлайтын мемлекеттік қайраткерлер аз. Кабинетте отырып, ұлт болашағы үшін жұмыс істеп жатқандарды мен түсінбеймін. Олар кәдімгі «вахтерлер» секілді. Олар уақытша отырған бастықтар. Және уақытша отырғанын өздері де сезеді. Ұлт ұлт болып қалыптасу үшін Президенттен бастап қазақша сөйлеу керек. Лауазымды орынға отырғызар алдында емтихан алынуы керек. Абай атамыз айтқандай «үйден үрген ит секілді» болуды қою керек.
Бүкіл жерасты байлығымызды шетелдерге беріп қойдық. Ең қымбат уран, вольфрам, жез кімге кетіп жатыр, мұнай кімге кетіп жатыр?! Міне, бұлардың бәрі – жұмбақ. Тек қана билік біледі. Осындай сұрақтардың бәрі жұрттың көкейінде жиналды да, наразылық бұрқ ете қалды.
Шындығында, баланы бастауыш мектепте қазақ тілінде оқыту керек. Бітті. Баяғыда Жапонияда «еуропаша оқытамыз» деген үрдіс болған. Сөйтсе, балалардың көпшілігі жапон менталитетінен айырылып барады екен. Сосын бұрынғы оқу жүйесін қайтадан қалпына келтірді. Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана: бала бастауыш мектепте ана тілінде ғана білім алуы керек.
Жер дегенің – Отаның ғой. Мысалы, кешегі II дүниежүзілік соғыста ұлтарақтай жер үшін қан төккен жоқпыз ба? Енді бейбітшілік орнап, тәуелсіздік туын көтерген кезімізде Отанымыздың ұлтарақтай жерін емес, үлкен-үлкен аумақтарын миллион гектарлап неге сатамыз? Бұл не? Мұның ар жағында Отанын сату сияқты өте қауіпті әрекет жатқан жоқ па?
Ал жарайды, жеріңді қазір сатып, бюджетіңнің жыртығын 2 млрд. доллармен жамадың дейік. Келесі жылы немізді сатамыз?! Онсыз да бәрін сатып болдық қой.