ҚАЗАҚТЫҢ ДАНА ТУҒАН, ДАРА ТҰЛҒАЛЫ ПЕРЗЕНТІ

«Мейірім шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық – қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев…».

Джавахарлал Неру,

Үндістанның премьер-министрі.

 

«Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы».

Дуайт Эйзенхауэр,

АҚШ президенті, 1960 жыл.

 

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жұртпен әңгімелескенде басқалардың сөзін көңіл қойып тыңдайтын. Өз пікірін үзілді- кесілді айта салмай, ақылдасу түрінде «былай істеуге болмас па еді?!» деген сияқты өзгеге ой сала сөйлейтін…».

Бәйкен Әшімов.

 

«Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді».

Ыбырай Жақаев,

«Өмір жолы» кітабынан.

 

«Шынын айтайын, Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңқаларлық сана, шалқыған қайырымдылық, көңілді болмыс тән еді».

Геннадий Толмачев,

жазушы, 1997 жыл.

 

Қонаев мырзамен аяқталмай қалған әңгіме

 

Бертран Фессар де ФУКО,

Франция Республикасының Қазақстан

Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі.

– Ол өзі қандай адам еді? Батыста жақсы жағынан пікір қалыптастырып, есте қалған сияқты…

– Ол нағыз қожайын және өте жігерлі қожайын еді. Бірақ, коммунист ретінде өте көп қателіктер жіберді. Ол жөнінде егжей-тегжейлі әрі көп жазылды. Ең елеулі кемшілігі – субъективизм мен авторитаризм: ол өзгенің пікірімен санаспайтын.

Брежневпен де жиырма бес жыл бойы жұмыс істедім.

– Сіз оған қандай сипаттама берер едіңіз?

– Ол өте қатал, асып бара жатқан білімі жоқ, бірақ металлургия саласынан жақсы хабардар адам еді. Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығын да жақсы білетін. Бұл жөнінде әртүрлі әңгімелер бар. Қазір оны жамандаушылармен келісе алмаймын. Өйткені, басқаның емес, тап соның тұсында адамдардың тұрмысы неғұрлым тұрақты да тәуір болды.

Мен Косыгинмен де ұзақ уақыт жұмыс істедім. Онымен 1942-1944 жылдары танысқан болатынмын. Ол Кеңес Одағының Премьер-министрі болған кезде мен де Қазақстанда тап сондай қызмет атқардым. Содан кейін Андроповпен қызметтес болдым. Ол өте мықты саясаткер еді. Бірақ, тез қайтыс болып кеткені өте өкінішті… Черненко ауру адам болатын. Оның басшы қызметке тағайындалуы өз алдына әңгіме. Соңғы кезде Горбачевпен жұмыс істедім.

– Горбачев жөнінде егжей-тегжейлі айтыңызшы.

– Ол өте тұрақсыз адам еді. Өз пікірін күн сайын дерлік өзгертіп, құбылып тұратын. Ұлы державаның күйреуі, халықтың қайыршылануы, экономикадағы аса ауыр дағдарыс – міне, осының бәріне сол кінәлі. Мен Батыстың оған жоғары баға бергеніне таң қаламын. Халықтың арасында ол сый-құрметтен жұрдай дерлік саяси қайраткер болды. Мен оған ешқандай кеңес берген емеспін. Өйткені, менің жасым 75-ке келіп қалған еді. Горбачевтің тұсында зейнеткерлікке шықтым. Өз еркіммен кеттім. Бұл жөнінде баспасөзге жазылды да. Маған ешкім тиіскен емес, мені ешкім де қуған жоқ. Бірақ қызметтен кеткеннен кейін ресми баспасөз мен жөнінде өршеленген өшпенділікпен жаза бастады…

 

«Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады» деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін ыстық. Әсіресе, ол өмірі қауіп пен қатерде жүрген адамдарға тіптен алабөтен жақын сияқты. Оның басты қасиеттері – адамсүйгіштігінде, нақтылығында, істі терең білуінде. Оның өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиеті – ғажайып даналығы болса керек. Ол өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болды, оның аты өзін шексіз құрметтейтін ұрпақтарының жадында мәңгі қалды».

Ілияс Есенберлин,

жазушы.

 

Үлкен кісінің ұлылығы

«Менің ұзақ жыл Социалистік Еңбек Ері Александр Львович Нахмановичпен Жамбыл облысының атақты «Трудовой пахарь» ұжымшарында қызметтес болдым. Жыл сайын жиын-терін кезінде ел аралайтын. Үлкен кісі біздің ұжымшарға соқпай кетпейтін. Александр Львовичпен ауыл шаруашылығының біз білмейтін өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ой бөлісетін. «Мен ауыл шаруашылығының бес академигін білемін. Олар – Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Николай Головацкий, Нұрмолда Алдабергенов және сіз, Александр Нахманович!» — дегенін өз құлағыммен естігенім бар.

 Кейін Димекең ортақ тілге келе алмай, бір-біріне қырын қарап жүрген білдей екі министрге: «Колхоз бастықтары бірін-бірі пір тұтып жатқанда, ел тізгінін ұстаған сен екеуіңе жол болсын?!» — деп ұялтыпты деп естідім.

Сөздің парқын түсінетін Үлкен кісінің ұлылығы – сол кісі бойындағы жақсылықты бағалай білуінде ғой».

Әбділда Қойбасов,         

ауыл шаруашылығының ардагері.

 

Ұлыдан қалған ұлағат

“Өз үйің – өлең төсегің” дегендей, алдыңнан жадырап жарың шықса, тапшылыққа қарамастан жоқтан бар жасалып, дастарханың жаюлы тұрса, дос-жараның бергеніңе емес, ықылас-пейіліңе тойып аттанса, ер жігіттің бір мұраты осы емес пе!?

*   *   *

Құдай қондырмаған баққа жармасқанмен болмайды.

*   *   *

Қайрақсыз пышақ өткір болмайды. Ел іші болған соң жүрегіне түк байлаған ер де табылады, жауын жаумай су-су боп жүретін ез де табылады.

*   *   *

Өмір өзгеріссіз болмай тұрмайды. Байлық – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ деп қарайтын қазақ, ат мінген азаматтың өзінен гөрі қолындағы билігіне көбірек қарайлайтын әдеті.

*   *   *

Біреудің айтқанымен жүріп, айдауына көнуден асқан бейшаралық бар ма?!

*   *   *

Өз басым мұрат тұтқан мынадай бес сипатқа тоқтала кеткім келеді. Сол бес сипаттың бірі – біреуге тіл тигізуден сақтану… Екіншісі – әдептілік. Қазақ әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытқан. Үшіншісі – өзің өзгеге күдіктенбе, өзге өзіңе күдіктенбесін. Иман жиям десең, пиғылыңды таза ұста. Күпірліктен адасың. Төртіншіден, не істесең де зеректікпен тындыра біл, аяғына жеткізе біл. Ырысың осы. Ал, ең соңғысы, өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме.

Қиянаттан асқан қылмыс болмайды…

Сақтансақ, осыдан сақтанайық.

*   *   *

Шындыққа тура қарау үшін де азаматтық керек. Әділ сынға – құлдық. Ал орынсыз жазғырудан жаның күйгенде қоярға жер таппайды екенсің.

*   *   *

Ұлылықты жердің кеңдігімен, таудың биіктігімен, теңіздің тереңдігімен өлшемеу керек. Тіпті ел байлығы да, жерасты қазынасы да таразы басын тарта алмайды. Елдің елдігін танытатын да, тарихын жасайтын да – артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған ұлы перзенттері. Ұлылықтың теңдесі жоқ өлшемі де осы.

*   *   *

Абыройдан ақ отау тіктім деген кісінің де пендешілігі аз болмайды.

*   *   *

Үлкен іс ірілі-кішілі кемшіліксіз болмай тұрмайды.

*   *   *

Жақсының сөзі де – жақсы, ісі де жақсы. Орнын тауып сөйлеу де – өнер, айтқанын аяқсыз қалдырмай, тірлігімен тиянақтап отыру да – тағылым.

*   *   *

Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, жалықпау, сосын үйретуден аянбау.

*   *   *

Қалай сан-саққа жүгіртпейік, бірақ ақиқаттан аттап кете алмаймыз.

*   *   *

Биік мансапты жігіттің жігіті көтереді. Баққа да бап керек, тәубе керек.

*   *   *

Ақиқаттан аттау келіспейді, ақ сөйлеп, әділін айтқан жақсы.

*   *   *

Дүниеде жаман адамның айғақ болғанынан ауыр азап жоқ шығар.

*   *   *

Жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болса, төрткүл дүние түгелдей шаттыққа кенелмес пе еді.

*   *   *

Жібі түзу, жаны таза адам кез келген жағдайда, қандай қызметте істемесін қашанда ар-ұжданын биік ұстап қалады.

*   *   *

Той-томалақ тоқтықта, оның жөні бір басқа, ал рухани аштық бел алды дегенше, ұрпақтың азғындағаны дей бер.

*   *   *

Ер тамыры – елде, ел тамыры – жерде. Біздер келеміз, кетеміз. Халық – алтын діңгек, ол қалады. Сол көш басына келгенде еліңді неге бастап, не тындыра алдың деп сұраған дұрыс сұрақ болар. Ол төрелікті халқымның өзіне қалдырдым.

*   *   *

Дүниені бүтіндейтін де сөз, бүлдіретін де сөз. Арқаға аяздай батқанмен жүйелі сөзге тоқтамау – не парықсыздық, не жүгенсіздік. Бізге жетпей жүргені де сол шындық еді ғой. Оны өсекшілер өз пайдасына шешсе, амал қайсы. Кісінің аузына қақпақ болғандайсың.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.