ҚАЗІР АДАЛ ЕҢБЕК ЕМЕС, АЛДАП-АРБАУ, КОРРУПЦИЯНЫҢ СӨЗІ ӨТІМДІ
МАРАТ ҚАБАНБАЕВ
Токио базарының бір бұрышында алым-жұлым жас жігіт қышқырып тұрып, қайыр сұрап тұр. Сөйтсек, әлгі қайыршымыз Жапонияның жоғары бизнес мектебінде оқитын, жә деген байдың баласы екен. Аста-төк өмірдің ортасында бұлаңдап өскен бұл бозымды ұстаздары: «Қайыршы кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын, оны түсінсе, қор болмайды әрі қайыршылықты өзі бастан кешкесін келешекте жапон тіленшісін аштан өлтірмейді» деген мақсатта базарға әдейі жіберіпті. Оның үстіне бұл бала король де, қайыршы да жүретін базарды – халықты зерттейді. Қысқасы, өмір сүруге икемі бар екенін дәлелдейді. Көрдіңіз бе, бір қайыр сұраудың астарында қаншама аспектінің тігісі жатқанын.
Ал бізде ше? Әке-шешелері кеше ғана номенклатураның мықтылары болған біздің шешектер өлдік десек те көк базардан қайыр сұрай ма? Күні кеше балалар бақшасына, мектепке кеңестік машинамен барған, бүгінде өздері иномарка мінген бұлар қазақ қайыршысының қолына теңге тастар ма екен? Қазақтың қайыршысына айналған әдебиет пен өнердің алға созған қолына теңге тастамақ түгілі, жалаңбұт ұлтының бойындағы бары мен жоғы – тіліне, тіні, діңі, діліне ашық та, жасырын да күресіп жатқан жоқ па?
* * *
Қазақстанда қазір көбіне талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді. Оған күйреп, күйзелмеу керек, өйткені кез келген елдің өтпелі дәуірінің сиқы осы. Бұрынғы кадр таңдау жүйесі жаңа заманда талант таңдауға айнала алмады. Бармақ басты, көз қысты тұрғанда, оған орын жоқ. Аға, орта буынды бұған беріп алдық, енді жас ұрпақты құтқарып қалуымыз керек.
* * *
Мемлекеттік тіл ұлтаралық қарым-қатынас тіліне бұл күннің өзінде сәлем бере алмайды. Республикадағы халықтың шамамен 4-тен 1-і ғана, Парламент, мемлекет аппараты, экономикалық құрылымдары өзге тілді сөйлейтін мұндай «мемлекеттік тілді» бұрын-соңды тарих білмейді. Есесіне ұлтаралық қарым-қатынас тілінде республикадағы барлық халықтың 99%-ы сөйлеп, жүріп-тұрады. Ал мемлекеттік тілде сөйлейтін басқа ұлттар 3-4%-ке жете ме, жетпей ме, оны бір Құдайдың өзі білсін. Қысқасы, қазақ тілі отбасы, ошақ қасында құрт қайнатып, күл сыпырып, күйелеш-күйелеш күң күйі мәңгілік қалып қояды.
* * *
Халықтың қалтасына түсіп, алдыға келгенді арпадай асау «ұлттық» қасиетке айналды. Ішінара қанынан, туысынан жаралған зиялыларды тасқын судай коррупция, надандық шайып барады. Орта буын да бұл сырқатқа ұшырай бастаған. Басы мыжылып қалған біздің тұстастар арыстандай ақырып, атандай шақыра алатын емес. Тоқырау заманы өтіп кетті деп жүрсек, рухани тоқырау енді-енді басталған секілді. Джек Лондонның «Өмірге құштарлық» әңгімесіндегі кейіпкердей: «Қарнымыз қайтадан ашып қалмай ма?» дегенде үш буынның да қорқынышы сұмдық. Мұның бәрі елдің, ұлттық болашағына күмәнмен қараудан туындап жатыр. Яғни телсүйермендік сезім аз деген сөз.
Қазақ зиялысына бас-көз бола ма деген қаламгерлер өстіп жерге қарап отыр.
* * *
Егемен елімізге «журналистика» атты түзу шкала, сенімді таразы керек. Мемлекетіміз «кемшілігімізді дәл көрсетіп, түзу бағыт нұсқасаңдар болғаны» деп, екі қолымызды бос, алдымызға ас қойып отыр. Бұл бірде-бір елде жасалмаған жағдай. Осыны орынды пайдалансақ, бұқара халық пен өкіметтің арасын теңелдіріп тұратын әділ қазы, Бұқар жырау болсақ қане! «Қазақ баспасөзі мен телерадиосынсыз енді қайтып күн көреміз?!» дегенді Президенттен бастап, қара шаруаға дейін айтқыза білсек, біз іздейтін басқа мұрат, мақсат бар ма? Өйткені экономиканы иініміз түспеу үшін, иығымыз жыртылмау үшін амалсыздан тырбанып жүріп жөндейтініміз, жолға салатынымыз анық; ал рухани жәдігерліктерімізді уақытша қиындықты көтере алмай, қысаңшылық заманда қолдан түсіріп алсақ, оның қытай фарфорындай күл-паршасы шығып сынатыны, оны келер ғасырда да қайтып жинай алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті. Қолдан түсірмеу – бүгінгі баспасөз бен телерадионың мән-мағынасы мен сыр-сымбатына тікелей байланысты.
* * *
Тоқ етері, халықтың 1-2%-ы – бай, 98-99%-ы кедей болып екіге бөлінді. 1-2% шенеуніктердің тікелей көмегімен жасалды. Байы – надан, ал аштан ақыл сұрамайды. Мақтаулы капиталистік елдердің тірегін бұлар емес, 30-40%-ке жуық орта дәулеттілер құрайды. Екеуіне араша – осылар. Есірік, жойдасыз жалған бөлудің кесірінен ол бізде 10%-ке жете ме, жоқ па, оны ешкім білмейді. Мемлекет тағанын теңселтетін факторлар бұлар.
Демократия – қоғаммен ашық сөйлесу. Шенеуніктің бүгін бізбен сөйлесетін түрі жоқ. Өзара ғана сөйлеседі. шетін шеруді бөгеуге де болады, егер заңды үйренсек, білсек. Бүкіл қоғам заңға сүйеніп күн кешеді. Шенеунік оны бұрмалап, бұзады. Әрине, заңды білмейтін ортада. Төл шенеунік көбіне өзі заңды білмейді. білмегеніне көп қиналмай, бас пайдасына лайықтап, қалтасына шығара салады. Бір теңгелік қызмет етсе, он теңгені қағып кетуге тырысады. Білгеннің тілін алмайтын менмен, ішіп-жеуге келгенде одан ұйымшыл, интернационалист жоқ.
* * *
Аузынан боқтығы, ернінен шылымы түспейтін бозбаланы көрсек, «орыс тәрбиесінен ғой» деп жиырыла, шытырлай қалатынымыз бар. Ау, осы біз неге орыс пен қазақтың жаман қылығына жуықпыз да, жақсы қасиеттерінен қашық жүрміз?
Еркіндіктің аяғы арақ ішіп, шылым тарту сияқты «ерлікке» айналды. Өмір болса еркелікті көтермейді.
* * *
Ал бізде Құдай қарғап қойғандай, басқаның жаманына жақынбыз, жақсылығынан әрқашан алыспыз. Үйренгеннің жөні осы екен деп, таңдап-талғамай, ең алдымен шылым тартып, арақ ішеміз, қасымызда үлкен тұр ма, кіші тұр ма, онда шаруа жоқ, бет алды сөйлейміз. Тіл жағын таза жиып қойып, біраз тыраштанып бағып ек, әйтеуір дес бергенде заман өзгеріп кетіп, біразымыз басқа ұлттармен қатар жарысып, шүлдірлесіп, өз тілімізді өзіміз үйреніп жатырмыз.