ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯ, АҚЫЛЫ АСҚАН ДАРИЯ

Әсілі, әдемі қартаюды армандамайтын адам жоқ шығар. Өткен өмірінен өнегелі әңгіме айтып, жастар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға тосылып қалмай жауап беретін қарияларды шын мәнінде де қазына деуге болады. Міне, осындай қазыналы қариялардың бір-екеуін бүгінгі әңгімемізге арқау етіп, Ұлыстың Ұлы күнінде есімдерін жаңғыртып қоюды жөн көрдік.

Жетісай ауданы, Бескетік ауылында тұратын Кәймір Ұстаәкімұлының есімі ел арасында шежіреші ретінде жиі айтылады. Бала кезден әкесінің жанында жүріп, жыр-толғауларды көп тыңдаған ол бертін келе өзі де шежіре жазуға бет бұрады. Бүгінде жасы сексенге таяған қазыналы қария әліге дейін қолынан қалам-қағазын тастамай тарих, шежіре жайлы естіген тың жаңалықтарын қойын дәптеріне түртіп жүреді. «Кешегі атеистік заманда өскен ұрпақ өзінің ата-тегіне онша мән бермеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін түп-тамырын іздейтіндер көбейді. Жиын-тойларда жастар жағы сұрап жатады. Ондайда білмей қалсаң – қариялығыңа сын. Әрі өзінің кім екенін білуге құмартқан балдардың көңілін жыққым келмей, іздене бастадым. Жыр-толғаулар мен қисса-дастандарды жас кезімде көп тыңдадым. Мән беріп қарасаң, оның өзі тұнып тұрған тарих, жазылмай жатқан шежіре екен. Қызығушылық оянып, зерттеуді жалғастыра бердім. Салыстыра жүріп, біраз жоба жасадым. Бүгінде көптеген жастар өздерінің ата-тегін осы арқылы біліп жүр»,- дейді шежіре жазуға ден қойған қазыналы қария.

Иә, бәрі де қызығушылықтан басталады. Жыр-толғау тыңдағанды тәуір көретін Кәймір ата көңілі түскенде домбыра тартып, күй төгілтеді. Ұстаәкімнің ұлында, тіпті, қолдан домбыра оятындай да өнер бар. Киелі өнерді қастерлеп, күй тартатын замандастарына өз қолынан шыққан домбыраларын сыйға тартады. Осы әрекеті арқылы көңілі жақын адамдарын қуантып қана қоймай, бұрынғының байғазы, айттық, көрімдік сынды дәстүрлерін де жаңғыртып жүр.

Тарих, шежіре жайлы сөз қозғалғанда шардаралық Әнапия Меңдешұлының да есімі қатар айтылады. Ол кісі де бала кезінен қазақтың ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, бүгінде көрген-баққанын өскелең ұрпаққа айтумен келеді. «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Қыз Жібек» «Ақбөбек пен Қайып» сынды лиро-эпостық жырлар мен «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпа­мыс батырларды» жатқа айтқанда, жетпістің сегізіне келген қарияның есте сақтау қабілеті таң қалдырмай қоймайды.

Тұшымды дүниелерімен тыңдаушысын елітіп әкететін көнекөз қариялардың бірі – Бекенбай Нәкуұлы. Мырзашөл өңіріне аты мәлім ақсақалдың жастарға айтары да аз емес.

«Қазақ ат-әбзел, әшекей-бұйымдарды да бекерге тақпаған. Мысалы, қыз-келіншектердің құлағындағы алтын, күміс сырға олардың бет-жүзінің тазалығы үшін тағылса, білектегі білезік қантамыр арқылы адам ағзасын түрлі дерттерден айықтырады. Сол сияқты, мойнындағы алтын алқа, күміс әшекей де болашақ ананы омырау безінен сақтайды. Ал, бүгінгі жастар сырты жылтыраған арзанқол нәрсені алданыш тұтады»,- дейді ол.

Айтса айтқандай, қазір пайда-зиянға мән беріп жатқанымыз шамалы. Қайта қолдан кірпік жалғап, ерінді де жасанды жолмен үлкейтіп жүргендер бар. Сәндіктің жөні осы екен деп тырсиған топик, жыртылған шалбар киетін жастардың қатары артып тұрғаны да жасырын емес. Ал, қоғамдағы келеңсіздіктер жайлы сөз болса, жөнге салып отыратын жөні түзу ақсақал жоқ екенін айтып, ақталған боламыз. Шын мәнінде аузы дуалы ақсақал да, көкірегі ояу зиялы да, қазыналы қария да бар. Тек оны тыңдайтын құлақ керек.

Елді осындай қазыналы қариялардан кенде қылмағай…

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.