КЕДЕЙ БОЛУ ҚАЗАҚСТАНДА ҰЯТ БОЛЫП САНАЛУ КЕРЕК

МЫРЗАКЕЛДІ КЕМЕЛ

Соңғы жүз жылды алып қарасақ, соның еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі мерзімінде билік зиялыларды жүйелі түрде орып, таптап, жойып отырды. Бас көтергендер, қайтпас қайсарлар алдымен кетті. Кейбірі бәйгеге қоспай қойған тұлпарлар мен томағасынан айырмай өлі етке байлап қойған сұңқарлардың кебін кешті. Қалғандары өмірге бейімделуге, биліктің сөзін сөйлеуге, шотын шабуға

мәжбүр болды. Сөйте-сөйте біз бұрынғы мінезден арылдық. Билікті мадақтауда жарыс басталды. Жағымпаздық пен көңіл табуға тырысу өріс алды. Пысықтар артығырақ бағаланды. Соны көріп өскен ұрпақта сол мінез жалғасып келеді.

*   *   *

Ендігі кезде ұлтты оятатын күш – білімде. Бүгінгідей ақпарат ағынында отырып, көштен қалу, енжарлық, бойкүйездік, заманның бағытын аңдамай жаңылыс басу – кешірімсіз. Көп ұлттылықтың ұлттық сананың оянуына кері әсері жоқ, бар мәселе – қазақтың өзінде.

Солтүстігіміздегі қазақтарымыз орысша ойлап, орысша дәстүрді бойына сіңіріп кеткен. Ақмолаға алғаш келгенімізде моншада сүндеттендірілмеген қазақтарды көріп әбден таңырқағанбыз. Қазақтар өз ұлтына өзге ұлтты сіңіру үшін өзгелер алдымен қазақша сөйлеуі керек. Ол үшін өзі қазақша ойлап, қазақша сөйлеуі тиіс.

*   *   *

Біздің халқымыз ептеп артта қалып тұр. Кедей отбасылар көп, жұмыссыздар саны да аз емес. Соңғы жылдары “өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандар” деген ұғым қалыптасты. Бұл көзді алдайтын көрсеткіш.

Біздің елде өзін-өзі қамтығандардың саны 2 млн. 300 мыңдай. Бұл 17 млн. халық үшін көп. Осы категорияға жататындардың есігінің алдында 10-15 сотық жері бар, бір-екі ірілі-ұсақты малы бар, тауығы бар, яғни, шығар-шықпас жаны бар деуге болады. Қазір бізде табыстың 80 пайызы бүгінгі күнге кетіп жатыр. Әсіресе, ауыл адамдарының табысы бір күндік деңгейде. Біз бұл көрсеткішпен мақтана алмай тұрмыз.

*   *   *

«Депутат қандай болу керек?» деген сұраққа бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатов жауап беріп, негізгі қағиданы «Қазақ» газетіне жазып кеткен. Міржақып ақын: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлану мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек.

Ол ақ жүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді шешен, оқыған көсем болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болса, жұрттың алдына Алла бергендер түседі» деген. Ендеше, халық қалаулылары үшін осы аталған парасат биігі өлшем болмақ.

*   *   *

Біздің қазақта әлі күнге дейін біртұтастық жоқ. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде алшақтық көзге ұрып тұрады.

Қазіргі кезде қазақ тілі тек ауылдық жерде тұратын ағайынның қарым-қатынас құралы болып қалған секілді. Өйткені ірі қалаларда қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар.

Кезінде Италия, Франция мемлекеттері тілдерін сақтап қалу үшін аянбай күрес жүргізді. Едәуір мемлекет қаржысын соған жұмсады. Қазақ тілін сақтап қалу үшін біз де күрес жүргізіп жатырмыз ба? Өте баяу, сылбыр. Бізде жоба көп, бірақ аяғына жетпейді. Нәтиже жоқ.

*   *   *

Ең кедей адам мен бай адамның үлес салмағы 25 пайыздан аспауы керек. Бізде мүлде олай емес. Қазір 3-4 пайызы аса бай болатын болса, тапқан табыстары өздеріне толық жететіндер – 17 пайыз, кедейшіліктен жоғары, орта таптан төмен – 38-42 пайыз, тақыр кедей – 18-21 пайыз, қайыршы, қаңғыбастар – 4-5 пайыз көлемінде. Демек, елдегі әлеуметтік ахуал күрделі күйінде қалып отыр.

Бұл күнде Қазақстан халқының 95 пайызы бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп отыр.

Сондықтан кедейлікті жоюмен күресу керек. Мәселен, тендерді, ауқымды жобаларды кімдер жеңіп алып жатыр? Әрине, байлар. «Бай-байға, сай-сайға құяды» деген осы шығар.

Әрине, тендерге қатысушылардың қатарында білімділері, грантты ұтып алып жатқандар бар. Небәрі бір пайыз ғана. Қалғанының бәрі – басқа да бір айналып өтетін жолмен байып жатқандар.

*   *   *

Басқа этнос өкілдері қазаққа қарағанда ұйымшыл. Ауызбіршілігі мықты. Бірін-бірі сүйрейді, демейді. Оның себебі неде? Олар дүние жинаудың жолын жақсы біледі. Бірді екі қылады. Ысырапшылдыққа жол бермейді. Ал біздер құдалық өткіземіз, той жасаймыз, көкпар береміз, даңғазалыққа құмармыз. Бәленбай қаржы несие алып, банкке қарызға белшеден батамыз. Тым болмаса алған ақшаны оңды-солды шашпай, ұл-қызына беріп, бір жыртығын жамаса жақсы ғой. Олай істемейміз. Қазір Қазақстанның 5,5 млн. тұрғынының ипотекалық несиесі бар. Соның ішінде 1,5 млн. адам бірнеше несие алған. Неге көзсіз ала береді? Әлде бәсекелестік пе? Әлде жоқты айтуға ұяла ма? Ертеңінде шаң қауып қалатынымен шаруасы жоқ. Міне, бұл – қазақтың ең басты кемшіліктерінің бірі. Соның салдарынан ең ауыр, қара жұмыста қазақтың ұлдары мен қыздары жүреді. Олардан не шығады? Ештеңе шықпайды. Сол психологиямен кетеді. Бүгінгі күнкөрісті ғана ойлайды. Өйткені ол одан басқа жолды көріп тұрған жоқ. Қайдан оңады?

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.