КЕЛЕС АУДАНЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысы Келес ауданында бой көтеріп жатқан білім ошағы биылғы оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. 300 орындық жаңа мектеп Қошқарата ауылдық округінің Жамбыл елді мекенінде орналасқан. Одан бөлек, Ошақты ауылдық округіндегі Абай атындағы жалпы орта мектепке қосымша 300 орындық оқу ғимараты салу жұмыстары жүргізілсе, Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ елді мекеніндегі Р.Қошқарбаев мектебінің құрылысы да жалғасын табады.
Абай ауылындағы бұрынғы перзентхана ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ғимараттың әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында бюджеттік мекемелерді орналастыру жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, аудан орталығындағы Келес ауданы әкімі аппараты жаңартылып, Ә.Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйі де күрделу жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қос ғимараттың айналасы абаттандырылып, тұрғындардың бос уақытында демалатын аллеяға айналады. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Келес аудандық филиалының ғимаратының іргетасы қаланды. Нысан құрылысына аудандағы кәсіпкерлер демеушілік жасаған.
Айта кетейік, биыл Келес ауданының қайта құрылғанына 3 жыл толады. Қайта құрылып, түлеген Келес өңірі бүгінде жаңарып, ажарлана түскен. Биылғы жылы аудан бойынша 9 нысанға күрделі және реконструкция жұмыстары жүргізілуде.