КЕМІСТІГІМ ЖОҚ ДЕП ОЙЛАЙТЫН АДАМДАР – АДАМ ЕМЕС

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

Тілсізді «айуан» дейді. Тілі кедей елді «мәдениетсіз, анайы, надан халық» деп санайды.

Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнер-кәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылыстары мен салт-санасының қай дәрежеде екенін көрсететін ең басты өлшем, таразы.

Ана тілінен айырылған ел «азған ел» атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан, әр ғасырдан кездестіруге болады.

«Қазақ тілінің байлығы жетпейді…» деген дәлелсіз былжыр сөз – өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай, одан құр қалған сормаңдайлардың, ұлттық тілге көңіл бөлмеген, ұлттық мақтаныш сезімнен, ұлттық намыстан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалған қарабеттердің тірлігі. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендейін, тілді ірітіп, шірітіп жүрген сол «шірік жетілгендер» екені де айдан анық.

*   *   *

«…Үлкенді сыйлау, парыз бен ар-ұятты қасиет тұту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойынұсынушылық адамды Отанға, елге, халыққа, үй ішіне, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді.

…Асық, шілік, жасырынбақ ойнау, жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа тәрбиелейді. Сондықтан да қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, бүгінгі істерімізге қолғабыс жасауға тиіс…

*   *   *

Біздің шоқынғандар игі дәстүрлерді күні өткен нәрсе деп қарап, жауынгерлік қасиетті тәрбиелеу ісіне қолдануға менсінбей, елемей келді. Тіпті күні бүгінге дейін бұрынғы төрағаның үстелінде отырған, мемлекеттік тұрғыда ойлай алмайтын шолақ белсенді ұлттық дәстүрлерді қудалап келеді…

…Тәрбие жұмысындағы осындай сорақы жаңсақ-тықтың салдарынан жастардың кейбір бөлігі

адам танымастай әдепсіз, жеңіл ойлы, нашар, ебедейсіз, қопал болып өсіп келеді.

Аяқ асты және елеусіз болып бара жатқан қазақыландыру мәселесін қайта қолуға алу керек. Барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қазақтардың мерейінің әділдікпен көтерілуін қадағалау қажет. Әсіресе, тіл жөнінен тәртіптеу керек. Бұл мәселеде алдымен қазақтардың өздерін ана тіліне жүйрік етудің амалын қарастыру керек.

*   *   *

«Жылқының, оның ішінде айғырдың жұмыртқасы ішінде болатындарын ауыл шаруашылық ғылымында «внутряк» дейді. Ал образно выражаясь, біздің партия қызметкерлерінің көбі – внутряктар. Олармен Құдай ешкімді дастрахан басына отырғызбасын. Мен өз басымнан соны көп кешірдім. Обком, райком жиналып, мені қонаққа шақырады. Сондағы сезгенім, адал тамақ, адал дастарқан, ақ ниет дейтін олар отырған жерде бола бермейді екен. Емін-еркін отыру жоқ. Бірін-бірі іштей аңдып отырған кісілер…

– Адал асты арам істейді екенсіңдер, ақ дастарқанды харам істейді екенсіңдер, ақ ниеттің бетіне  түкіреді екенсіңдер, -дедім осындай отырыстың бірінде маған сөз бергенде.

– Бұдан былай аштан өліп, көштен қалсам да, обком мен райкомның үйінен дәм татпаймын. Маналы бері не ішіп, не жегеніме  түсінбестен отырмын. Бұдан былай мені қонаққа шақырушы болмаңыздар, рақмет!

Отырғандар”ха-ха-ха” деп өтірік күлісті. Мен ішімнен күлдім.

*   *   *

«Сіздердің радио «Биздин родинабыз» деп саңқылдайды да тұрады. Мұнысы несі?» дедім. Ол кісі маған: «Бауке! Бізде «родина» деген сөз жоқ»,-деді. Мен таңқалып: «Сіздің аузыңыздан бұл сөзді менен басқа ешкім естімесін! Во-первых, с уст секретаря ЦК – это весьма ополотично! Во-вторых, это исторически неверно. В третьих, это клевета на честь целого народа…Как вы смеете утверждать, что у народа не было понятия Родины? Что это за народ не имеющий такое понятие? Кого они защищали, за что они боролись веками?..

А теперь у киргизов не оказалось понятия – Родина?! Это неверно!.. У русских: Отчизна, отчий дом, Отечества, ата-мекен, Отан, ата қоныс, Туған ел… мало-ли в народе синонимов?…» — дегенімде, Қазақбаев қызара бөртіп қысылып қалды.

*   *   *

«Адам – пенде. Кемістік әркімде бар. Кемістігім жоқ деп ойлайтын адамдар – адам емес. Надандықтың үлкен дәрежесі сол ойда жатыр. Мойыныма аламын: менің жақсы қасиетімнен жаман қасиетім аз емес. Құдай маған кемістіктерді аямай төгіп берді.

Қартайғанда көзімнен жас шықпай отыр. Мен жылауық шал емеспін. Көздерімді ойып алсаңдар, өздерің біл. Көзімнен қан шығар, бірақ жас шықпайды. Мен өзімді, жауынгерлерімді базарға жұмсаған жоқпын. Отан үшін, намыс үшін жауға жұмсадым, ажалға жұмсадым. Құрбандарымыз аз болған жоқ.

Ойым шолақ, сөзім шорқақ екенін мен өзім де анық сеземін. Бірақ та «Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ» деген қазақтың сөзі бар. Сол себепті көрген-білгендерімді қазақша, орысша тілдермен ұрпаққа өз көзқарасыммен айтып кетуді өзіме парыз санадым. Ұрпақ керегін өздері алады. Осы сенім менде мол. Ізденушілерге бір-ақ  ескертпем ғана бар: Мен өтіріктен аулақпын, өтірік айтсам, имансыз кетейін…

*   *   *

Қазақ тілінің беделін түсіру, бұрмалау, бүлдіру халықтың халық болуына, ұлттың ұлт болуына өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл білмейтіндер, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей, мейірімсіз түрде әрі масқаралана қуылсын!

Олардың қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.

Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, қоқыс-құрымнан бойы арылуы керек.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.