КЕНТАУДАҒЫ ЦЕХ АЙЫНА 500 ДАНА ЖИҺАЗ ДАЙЫНДАЙДЫ
Кентау қаласына қарасты Жүйнек ауылында өңірге «DIVALUX» атауымен танымал жиһаз жасаушы мекеме орналасқан. Қазіргі таңда онда 120 адам жұмыс істейді. Цехта жиһаздың 40-қа жуық түрі дайындалады. Түрлі сәнді үлгіде жасалынған жиһаздарға Қазақстанның барлық аймағынан тапсырыстар түседі.
Өндіріс орны қажетті шикізатты Түркия елінен алдыртады. Ал, мамандарды өздері оқытып, дайындап барып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Цехта айына 500-ге жуық жиһаз құрастырылып, сатылымға шығарылады.
Алдағы уақытта сапасы жоғары, бағасы қолжетімді жиһаздың көлемі артпақ. Себебі серіктестік қазіргі таңда Жүйнек ауылынан 500 адамды жұмыспен қамтитын үлкен цехтың құрылысын жүргізуде. Оның құрылысы толықтай 2021 жылы іске қосылмақ.