КИЕЛІ АУДАНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ТІРЛІК
Соңғы 20 жылда елімізде мектеп пен ауруханалардың көптеп тұрғызылуына баса көңіл бөлінді. Ал облыс орталықтары мен өзге де қалаларда баспана мен басқа да нысандардың құрылыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Дегенмен, ауылдық жерлерге спорт кешендерін салу өте күрделі мәселе. Өйткені бүгінгідей нарық заманында инвестиция қайтарымы бар бизнеске ғана салынатыны анық. Сондықтан мұндай түйткілді тек іскер әкімдер ғана кәсіпкерлермен сөйлесіп, шеше алуда.
Мәселен, Жаңа жылдың алдында ғана Ордабасы ауданы Төрткөл ауылдық округінде замануи спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл игі іс «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылды. Енді аталған елді мекенде спорт сүйер жастар қолы бос уақытта қарап жатпайды. Әрі ауылдық жерлердегі қаншама таланты балалар үшін үлкен мүмкіндік туды. Спортқа бейім балалар өз ептілігін дамытады.
Қала берді, кейінгі толқын ұрпақтың басқа ағымға ермеуіне, теріс жолға түспеуіне үлкен сеп. Оның үстіне, спорт кешендері халқымыздың сапалы ұлтқа айналуына қызмет жасайтынын түсінген абзал. Демек, спорт ғимаратының тұрғызылуына мұрындық болған әкім, ұлт деңгейінің артуына үлес қосқан тұлға.
Біз тілге тиек етіп отырған ғимараттың ашылу рәсіміне аудан әкімі Бағлан Батыршаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, ауыл ардагерлері және жас спортшылар қатысты.
Игі шарада аудан әкімі бастаған игі жақсылар жаңа ғимараттың лентасын қиып, жылы лебіздерін білдірді. Аудан басшысы Бағлан Дәнебекұлы:
«Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай аудан көлемінде бірқатар әлеуметтік нысандар тұрғындардың пайдалануына берілді. Соның бірі Төрткүлдегі жаңадан бой көтерген спорт кешені. Алдағы уақытта осы жабық спортзалда қыс-жаз демей жаттығу жасайтын ауыл жастарының ішінен байрақты бәсекеде еліміздің Әнұранын асқақтататын чемпион шығады деп үміттенемін», — деді.
Сонымен бірге, спорт саласының ардагері Асан Жұмабаев сөз алып, тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан ауылдарға әлеуметтік көмектің көптеп көрсетіліп жатқандығына тоқталды. Жаңа спорт кешенінің бой көтергеніне қуанышты екенін жеткізді. Себебі, талай спорт ардагерлерінің жас кезінде бүгінгідей жағдай жасалмаған . Олар қазіргі жастар үшін жасалған толағай істерге шын жүрегімен қуанады.
Осы тұста аталған нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізгенін айта кету қажет. 2021 жылдың мамыр айында басталған жұмыс Тәуелсіздік мерекесіне орай аяқталғаны көңіл қуантты. Қазіргі таңда 2,3 гектар аумаққа орналасқан спорт кешенінде воркаутпен айналысуға арналған алаң, футбол, шағын футбол, баскетбол және волейболға арналған алаңдар бар.
Сондай-ақ, еркін күрес, грек- рим күресі, самбо, дзюдо, бокс бойынша күнделікті жаттығулар өткізілетін залмен қатар қол добы, үстел теннисі, баскетбол, волейбол сынды командалық ойындар қарастырылған. Өздеріңіз байқап отырғандай ауыл жастары үшін қолжетімсіз болатын бокс жаттығу орны төрткүлдік жастар үшін үлкен жетістік. Ал воркаут алаңы елдегі спорттың жаңа қырынан дамуына серпін береді деп үміттенеміз.
АУЫЗ СУҒА АУЫЗ ЖЕТТІ
Таза су – жанның азығы, денсаулық кепілі. Халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмыстары Ордабасы ауданында бір сәтке де толастаған емес. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше ден қойған. Сондықтан да Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Шұбарсу елді мекенінің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Тұрғындардың қуанышын көріп жігерленетін Бағлан Дәнебекұлы Шұбарсуға өзі барды. Ауыл ақсақалы Қалдыбек Сүлейменовпен бірге жаңа құрылғының лентасын қиды.
Мұнда сөз сөйлеген аудан басшысы: «Республикалық бюджет есебінен Шұбарсу ауылының инженерлік-инфрақұрылым сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бір дәлелі ретінде бүгін ауылға таза ауыз су тарату қондырғысы іске қосылып отыр. Келер жылы ауылдың көшелері мен газ тарту жұмыстары аяқталып, тұрғындар үшін жақсы шарт-жағдай жасалатын болады», — деді.
Шұбарсуда халықты сумен қамтамасыз ететін құрылыс нысанын жүргізген «Мақтаарал ауыз су жүйелері» серіктестігі екенін тілге тиек ете кетейік.
Су жүйесінің бірінші кезеңінің іске қосылуы арқасында 650 абонент ауыз сумен қамтылды.
Келесі айтар нәрсе, «Бірінші байлық – денсаулық». Ал денсаулықты нығайтатын –минералды су. Емдік сулардың өз елімізде көптеп өндірілгені жақсы. Себебі, жергілікті тұрғындар үшін жергілікті судың шипасы мол болатынын мамандар да айтып жүр. Осы тұрғыдан алсақ, ордабасылықтар қуана берсе болады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бөген» табиғи минералды емдік ас су өндіріс орны іске қосылды. Бұдан бөлек, «Әзімбай қажы» термалды шипажайы да ем алушыларға есігін айқара ашты.
Бүгінде аталған емдеу-сауықтыру шипажайы бір ретте 30-ға тарта ем алушыны қабылдай алады. Қазіргі таңда аталған жоба аясында екі монша, емдік шипажай, минералды ауыз су зауыты жұмыс істеп тұр.
Жоба авторлары алдағы уақытта ауыл іргесінен бірдей уақытта 180 емделушіні қабылдай алатын ірі шипажай құрылысын бастауды жоспарлап отыр екен. Бұл жөнінде кәсіпорын басшысы Дариха Әбішева:
– Шипажайымыздағы термалды судың құрамындағы магний элементі көптеген ауруларға ем. Әсіресе, біздің шипажай адам бойындағы улы заттарды шығаруға, қант диабетін емдеуге таптырмас мекен. Сондай-ақ, орталығымызда бес түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде тамақ ауруларын емдеуге жаңа заманауи аппараттар қолданылады. Ем алушылар үшін бағасы тәулігіне 8000-8500 теңге, -дейді.
Қазіргі уақытта шипажайда 10-ға тарта қызметкер, ал, минералды су шығаратын зауытта 10 азамат жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның өндіріс көлемі артқан жағдайда ауыл тұрғындары тағы да тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Табиғи минералды емдік ас су 5л, 19л, 1.5л, 1л, 0,5 литрлік өлшеммен (5 литрлік су сағатына 500 дана, 1л, 1,5 литрліктері сағатына 700-800 дана) шығарылады.
Осы уақыт аралығында Бөгенның шипалы сулары еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, көршілес облыстарға саудалануда. Кәсіпорын дайын өнімді экспорттау бойынша көршілес Өзбекстанмен келіссөз жүргізуде.
Ұлттық өнерді ұлықтап, құнттап жүрген ордабасылықтарға риза боласың. Себебі, аудандағы палуандар тек күрестен ғана емес, көкпардан да мықты екенін дәлелдеуде.
Түркістан облыстық көкпар федерациясы мен облыстық ұлттық спорт мектебі ұйымдастырған “Тұран тұғыры” байқауында “Жылдың үздік көкпар командасы” номинациясын Ордабасы ауданы құрама командасы жеңіп алды. Мұның өзі аудандағы спорт ардагерлерінің жастарды салаутты өмір салтына көптеп тарта білуінде. Әрі ұлттық спорт ойындарын дамытуға көп септігін тигізді. Есесіне халық саны жағынан өздерінен бірнеше есе көп ірі аудандарды артқа қалдырып тұр.
Сонымен бірге, Төрткүл ауылдық округінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған облыстық турнир өтті. Оған қазақ күресінен 2005-2006 жылғы жасөспірімдер қатысып, бақ сынады.
Өзге аудан, қалалардан келген командалар сапында 100-ден аса жас балуандар өзара кім мықтыны сарапқа салды.
Бар күш-жігерін салған палуандар арасындағы күрес өте тартысты өтті. Ептілік пен күштілікті сынаған дода соңында Түркістан облысының командасы бірінші орынды иеленсе, шағалалы Шардара ауданының командасы екінші орынды,ал, Бадам-Жусансай құрама командасы үшінші орынды еншіледі.
Жекелей сайыс түрінде жұртты елең еткізген «Түйе балуан» номинациясын Бейсенәлі Мейірхан қанжығасына байлады. Бауыржан Шайхыислам мен Дәуіт Сейітхан екінші, үшінші орынға тұрақтады.
Ауданда жас дарындарды қолдау ешқашан ұмыт қалған емес. Өңірде «Бұлақ көрсе көзін ашатын» тағылымды іс әрдайым жалғасын табуда. Мұнан бөлек, жетістікке жетіп, биіктен көрінгендермен де жүздесіп, қолдап жіберу де ұмытылмайтын үрдіс. Мәселен, аудан әкімі Бағлан Батыршаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» бойынша Гран-При иегері, талантты ақын Батырхан Сәрсенханды қабылдап әңгімелесті.
Кездесуде аудан басшысы жерлесіміздің жетістіктері жыр-сүйер аудан жастары үшін үлгі-өнеге екендігіне тоқталып өтті.
Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан көлемінде өскелең ұрпақты әдебиет пен руханиятқа баулу мақсатында түрлі кездесулер өткізіп, жастар шығармашылығына қолдау көрсететіндігін жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Батырхан Сәрсенхан аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлының ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, «Мәңгілік гүл» атты жаңа жыр жинағын табыстады. Өзі бұл жүздесуден жаңа шабытқа ие болғандай көрінді.
Естеріңізге салар болсақ, жерлесіміз күні кеше «Ордабасы жастары – 2021» жыл үздіктері байқауының әдебиет, мәдениет аталымы бойынша жыл жеңімпазы атанған болатын.
ОРДАБАСЫҒА ОБЛЫС ӘКІМІ КЕЛДІ
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының үнемі аудан-ауданды аралап, тыныс-тіршілікпен тікелей танысып жүретіні мәлім. Сондықтан жақында іссапармен Ордабасы ауданына да ат басын тіреді. Сапар барысында жергілікті ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді тұрғындармен кездесу өткізді. Сөйтіп, ел ішіндегі көптеген жағдайға қанықты, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Мысалы, тұрғындармен кездесу барысында өңір басшысы:
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес елімізде жанар-жағармайдың бағасы тұрақталды. Ендігі кезекте қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа қарсы іс-шараларды жандандыра түсуіміз керек. Әсіресе жастарды кәсіпкерлікке баулудың маңызы зор. Әрине, жұрттың бәрі кәсіпкер бола алмайды. Бірақ жергілікті жастардың арасынан кәсіпкерлікке бейім
жастарды іздеп тауып, олардың идеяларына қолдау білдірген жөн. Жастарға жағдай жасалса, олар да тұрғындарды жұмыспен қамтып, ел дамитын болады. Елімізде дамуға, еңбек етуге толық мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде суды үнемдейтін тәсілдерді батыл жүзеге асыру қажет. Жалпы облысымызда газдандыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жүріп жатыр. Түркістан қаласына ағын су тарту көздерін таптық. Су қоймалары салынды. Бірлесіп жұмыс істесек, елдің де еңсесі тіктеле түсетіні анық»,-деп сөз тізгінін тартты.
Сонымен бірге елімізде коронавирус індеті қайта күшейгенін айтып, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін де атап өтті.
Ордабасылықтар ағын су, жұмыспен қамту және өзге де мәселелерді қозғады. Бірлік пен ынтымақтың туы тігілген Ордабасы өңірінің тұрғындары, ел ағалары ел тыныштығының маңызды екеніне тоқталып, облыста қолға алынған жобаларға сәттілік тіледі.
Өңір басшысына аудан әкімі Бағлан Батыршаев аудан орталығында ашылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі ауданға қарасты Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінің жаңадан салынған 200 орындық оқу корпусымен танысты. Бұл мектеп ауылға Өзбекстаннан қандастардың көптеп көшіп келуіне және демографиялық өсімнің жоғарылауына байланысты жаңартылып, кеңейтіліп отыр. Бүгінде жаңа корпустың ашылуына жергілікті ата-аналар қатты қуануда.
Өскелең ұрпақтың сау, денелі болып ержетіп, сапалы білім алуы үшін мемлекетіміз өз деңгейінде қолдау көрсетіп келеді.
Соның дәлелі ретінде жыл сайын облысымыздың ауыл, елді мекендерінде заман талабына сай
жаңа білім беру мекемелері салынып, оқу ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде.
Бүгінде Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінің жаңадан салынған 200 орындық оқу корпусы қысқа демалыстан кейінгі оқу маусымына дайын.
Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінің негізгі ғимараты 2004 жылы пайдалануға берілген. Алайда оқушы санының артуына байланысты 2017 жылы 300 орындық қосымша құрылыс пайдалануға берілген.
Бірақ, Өзбекстаннан тарихи Отанға көшіп келген қандастар санының артуына және халықтың демографиялық өсімнің жоғарылауына байланысты бұл білім ордасына Достық мектебінің бұрынғы 0,89 га жер телімі беріліп, бүгінде 200 орындық қосымша ғимаратқа кеңейіп отыр.
Әлем пандемиямен бетпе-бет келіп, көптеген елдер еңсесін көтере алмай жатқанда, Шұбарсудағы жаңа корпустың ашылуы ерлікпен пара-пар екенін түсіне білу де керек.
Е.ТӘЖИЕВ,
“Қазақстан жолы” газетінің бас редакторының орынбасары.