ҚИЫНДЫҚТЫ ЕЛМЕН БІРГЕ ЕҢСЕРЕМІЗ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында қауіпті індеттің таралуына алаңдап отырған елдің көңіліне демеу боларлық келелі ойлар айтты. Сан қилы статистикаға тоқталмай, ұлттың санасын серпілту, болашаққа деген сенімін ояту бағытында ой қозғап,  мемлекеттің халықпен бірге екенін ұғындыра білді. Стратегиялық бағыттарға тоқталды.

Елбасы бұл қиындықтан бірлік, тәртіп және болашаққа деген сенім алып шығатынын айтты. Мемлекет тарапынан коронавирустың алдын-алу бойынша жедел әрі сапалы жұмыстар қолға алынғанына атап өтті.

«Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс», – деді Елбасы.

Бұл ретте Түркістан облысында сақтық шаралары күшейтілгенін, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Елбасы бастамасымен «Nur Otan» партиясы қолға алған «Біз біргеміз!» акциясы арқылы өңірде 3 мыңнан астам отбасыға азық-түлік және гигиеналық заттар жеткізілді. «Түркістан» әлеуметтік-корпоративтік даму қорында ел кәсіпкерлері айрықша үлес қосып, жанашырлық танытты. Мемлекеттік қызметкерлер де бір күндік жалақыларын аударды. Міне, осы қолдау нәтижесінде әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, тыл ардагерлері мен жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек берілді. Жекелеген демеушілер де акцияға үн қосып, елге көмектесуде.

Елбасы Үндеуінен кейін құрылған преспубликалық «Birgemiz» қоры арқылы еліміздегі ең ірі 23 қаладағы 150 мыңнан астам тұрғынға 50 мың теңгеден көмек беріледі. Бұл санатқа Түркістан қаласы да еніп отыр. Облыс орталығында 4903 отбасы партияның үйлестіруі арқылы қаржылай көмекке ие болмақ.

Бүгінгі мақаласында Ұлт Көшбасшысы бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеп, шыңдала түсуіміз керек екенін айтты.

Қиын кезеңде елге демеу болып, жұртшылықты індетке, дағдарысқа қарсы күреске жұмылдыруға үлес қосып жатқан Елбасының бұл әрекеті – Отанға деген сүйіспеншілік пен перзенттік парызға адалдық.

Елбасы қазақстандықтарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау білдіріп, тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру керектігіне үнемі мән беріп келеді. Ең бастысы, мемлекет әрбір азаматтың қауіпсіздігіне, дамуына қолдау көрсетуді жалғастырады. Төтенше жағдайдағы ережені қатаң сақтап, жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді сақтай білсек, бұл тығырықтан да шығамыз.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.