ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бас ғимаратында Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Жол картасында көрсетілген міндеттердің орындалу барысы пысықталды. Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, фракция жетекшісі Б.Тулегенов, Атқарушы хатшының орынбасары М.Қалмұратов, аталмыш кеңес төрағасы Ж.Таңатарова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, ішкі істер департаментінің, денсаулық сақтау, ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармаларының өкілі қатысты.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысының орынбасары Е.Айтбаевтың есебі бойынша бірқатар мәліметтерге қанық болдық. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында үшінші шаһарда барлығы 17 481 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар 72,3 % орындалған. Ал, жарты жыл көлемінде балалар үйінен шыққан 9 түлектің 7-і аталмыш басқарма тарапынан тұрақты жұмысқа жолданған. Жеке кәсіп бастауға Шымкент бойынша 3426 адамнан өтініш түсіп, оның барлығы бүгінгі таңда бизнес бастауға арналған семинарда дәріс алуда.
Бұдан өзге күн тәртібіне сәйкес қалалық ішкі істер департаменті, қалалық денсаулқ сақтау басқармасы тарапынан Жол картасына сай атқарылған жұмыс есебі талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының қатарын көбейткенше, алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарға мән беру керектігі айтылды. Отбасындағы жанжалдың шығу себебін зерделеп, нашақорлық немесе маскүнемдік салдарынан туындаған кикілжіңді болдырмау, яғни ер адамның әйелін немесе баласын соққыға жығуға жеткізбей, психолог мамандарын дер кезіне тарту маңыздылығына тоқталдық. Сондықтан психолог, коучтардың дәрісін жүйелі жүргізу қажеттілігіне назар аударылып, бұдан да өзге ұсыныстар тыңдалды.