ҚОҚЫС ЖӘШІГІ СӘБИ САЛАТЫН «БЕСІК» ЕМЕС!

Туа сала өз анасы жиреніп, қоқыс жәшігін жағалап жүріп тастап кете баратын «көкек ана» мен «тастанды сәбилер» – түйіні тарқатылмайтын тақырыптар. Бұл ханның да, қараның да жанына батады. Бір ғана stan.kz сайтын ашып қарағанның өзінде 1 күнде еліміздің бірнеше жерінде тастанды баланың жансыз денесі табылғандығын жариялаған хабарлардан жанымыз түршіге түсті. Туа сала жөргегі кебінге, қоқыс жәшігі “бесігіне” айналған балаларды көзі қиып тастаған қара көздеріміз өз қолымен өз бауыр етін өлімге қиғандығын бір сәт ойлар ма екен?!

Қазақтың бір кездері басқа ұлттардан ерекшелеп айтатын балажан, бауырмал, мейірімді қасиеттерінен ада қалып бара жатқанын байқауға болады. Өкініштісі, «жаңа туған шаранасын қоқыс жәшігіне тастап кетті», «баласын азаптап өлтірді», «анасына пышақ салды», «әкесін айуандықпен өлтірді» деген ақпараттарға етіміздің үйреніп кеткені. Әсіресе, өзінің ішінен шыққан баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар газет беті мен эфир уақытын босатпайтын болды. Патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?

Тағы бір сәби қоқыс жәшігінде жан тапсырды

Күні кеше ғана Қостанай облысы,  «Әуежай» ықшам ауданындағы 5-ші үйдің қоқыс жәшігінен аула сыпырушы Геннадий Леонов пакетке оралған баланы тауып алғандығын көз жасын тия алмай баяндады.

«Қоқыс контейнерінің біріне жақындасам, кішкентай баланың аяқтары шығып тұр екен. Пакетті ашсам, ішінді жаңа туған сәби, кіндігі кесілмеген. Басқа түк жоқ. Бірден диспетчерге жүгірдім», — дейді Геннадий Леонов.

«Клиникалық өлім жағдайы болған, алайда реанимация жасалғанымен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бала мерзіміне жетіп туған, кіндігі кесілмеген», — деді Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Ксения Жылкибаева. Аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Баласын тастап кеткен ананы іздеу жұмыстары әзірге нәтижесіз.

Қатыгез анаға заң неге мейіріммен қарайды?

Туа сала сәбиін өлтірген әйелдерге кесілетін жаза сол баяғы өзгеріссіз күйінде келеді. ҚР Қылмыстық кодексіне қанша өзгеріс енгізілсе де, қағынан жерініп, нәрестесін өлімге қиғандар небәрі төрт жылға ғана бас бостандығынан айырылады екен. Қалай десек те, өмірге келмей жатып «жетім» атын жамылған бейкүнә сәбилеріміз қоқыс жәшігін­де көз жұмып, дене мүшелері ит пен құсқа жем болып, нәрестенің сүйегі далада шашылып жатпауы тиіс…

Тумай жатып өлім құшқан сәбилердің азаймауына олардың анасына берілген жазаның жеңілдігі де себеп сияқты. Жазаны қатаңдатсақ, соңы бала өлімімен аяқталатын жантүршігерлік оқиғалардың саны азаяр ма еді?! Перзентіне жаны ашымаса да, өзімшіл аналар өз тағдыры таразыға тартылатынын, болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін екенін ойлап, асығыс қадам жасамас, бәлкім.

Ойнап жүріп от басқан

Қалай десек те, тастанды балалардың көбеюінің басты себебі  қыз тәрбиесіне келіп тірелері хақ. Дана бабала­рымыз айтқандай: «Қызым үйде, қылығы түзде».  Соңғы уақытта араны әбден ашылған қыздар ойнап жүріп от басып, жоспарсыз бала көтеріп, өз денсаулығына кесірін тигізуден, түсік тастаудан қорқып, одан да баланы туып, сосын тастап кете баруды жөн көреді екен.

Бала тәрбиесіне аса сақтықпен қараған жөн. Көбінесе, үйде әкенің жылуы мен махаббатын көрмеген қыздар сырттан мейірім мен махаббат іздеп, түрлі қателіктерге бой алдырады. Қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қазақ қыздарының ішінде жүріс-тұрысы, киім киісі, үлкен-кішіге деген құрметі мүлдем өзгешелері жоқ емес. Кейбір қаракөз қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде, жаның түршігіп, жүрегің ауырады. Жеңіл мінездің салдарынан жүкті болып, жасанды түсік жасатып, келешекте аналық құқығынан айырылып жатады. Олардың ертеңгі болашағы, тағдыры   не болады?!  Бұлардан кейін дүниеге келетін өнегелі ұрпақ күтуге болар ма?  Қыз баланы кішкентайынан төрге шығарып отырған қазақ оның болашақтағы  Ел анасы боларына кәміл сенген.

«Әйел-бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» дегені қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым ұқтырып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.

Ұлжалғас Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.