Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына 100 млрд теңге бөлінді
QAZYGURT.KZ: Аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға 100 млрд теңге қарастырылды. Бұл жөнінде үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсыну барысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
«Республикалық бюджет параметрлеріне мынадай өзгерістер енгізіледі.Түсімдер бойынша, кедендік әкімшілендіруді күшейту нәтижесінде 200 млрд теңге сомасында қосымша кірістер жоспарланады, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайтылады және тікелей инвестициялар қорын құруға Ұлттық қордан 370 млрд теңге сомасында нысаналы трансферт тартылады. Осының есебінен 821 млрд теңгеге ұлғаюмен республикалық бюджет түсімдері 10 трлн 569 млрд теңгені құрайды», — деді Смайылов.
Оның айтуынша, тапшылық 1 трлн 327 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 2,1% деңгейінде болжанып отыр және 151 млрд теңге сомасындағы өткен жылдың қалдықтарын қамтиды. Сондай-ақ, 2019 жылы республикалық бюджет шығыстары 1,2 трлн теңгеге ұлғаюмен 11 трлн 895 млрд теңгені құрайды.
«Нақтылау жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделеді. Бірінші бағыт — жалпы сомасы 444,3 млрд теңгеге «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру. Осы қаражат шеңберінде 224,3 млрд теңгеге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту, 100 млрд теңгеге аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу, 90 млрд теңгеге өңірлік инфрақұрылымды дамыту және 30 млрд теңгеге «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру жоспарланып отыр», — деді ведомство басшысы.
Ақпаратқа сәйкес, «Жастар жылын» өткізу шеңберінде іс-шараларды іске асыруға 24,6 млрд. теңге және Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға 286 млрд. теңге қарастырылып отыр.
«Осы қаражат шеңберінде Түркістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астана қаласында ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр», — деген министр Елбасының барлық берген тапсырмалары қаржылай қамтамасыз етілетінін айтты.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
АҚПАРАТ көзі: baq.kz