Қорғаныс министрі Жамбыл облысындағы әскери нысандарды тексерді
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов аталған өңірдегі басшылықтың баяндамаларын тыңдап, әскери полигондардың, оқу-жаттығу орталықтары мен далалық лагерьлердің оқу-материалдық базасының жай-күйін тексерді.
Министр Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Батыл тойтарыс-2023» жаттығуларында әскерлердің жауынгерлік әзірлігін, командирлердің кәсіптік даярлығы мен басқару қабілеттеріне қойылатын талаптарды арттыру жөнінде жүктеген міндеттерін жеке құрамға жеткізді. Мемлекет басшысы Жолдауының қатысты бөлігіне тоқталып, армияның жабдықталуына және елдің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің дамуына назар аударды.
– Әлемде геосаяси қайшылықтар артып келеді. Мемлекет басшысы оқу-жаттығуда сөйлеген сөзінде бүгінде шабуылдар тек әскери ғана емес, сонымен қатар ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және тағы басқа да сипатта болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан Жоғарғы Бас қолбасшы атап өткендей, армия жоғары кәсіби, мобильді және ең күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын болуы тиіс, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Гвардейск гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы қазіргі уақытта Алматы қаласынан шақырылған әскери міндеттілердің жиыны өтіп жатқан шатырлы қалашық «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонының нысандарын аралап шықты. Министр әскери атыс алаңының, танктерге арналған полигондық жабдықтар кешенінің және жаяу әскердің жауынгерлік машиналарының жай-күйін зерделеді.
Резервтегі танк бригадасының басшылығы министрге жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жағдайы, әскери бөлімнің жасақталуы және әскери жиындарға шақырылған азаматтарды оқыту және қайта даярлау жөніндегі міндеттердің орындалуы жайлы баяндады. Одан өзге инфрақұрылымның жай-күйі, проблемалық мәселелер және әскери дайындалған резервті қалыптастыру үшін құрылған оқу базасын дамыту перспективалары туралы да айтылды.
22326 әскери бөлімінде генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды қабылдау пунктін, жауынгерлік машиналар паркін қарап, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін жасалған шарттармен танысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы Луговой және Тараз гарнизондарының 03811 және 85395 әскери бөлімдерінің казармаларында болды. Жұмыс сапары барысында ол авиакомендатура мен авиациялық зақымдау құралдарының нысандарын қарады.
Тараз қаласындағы Ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың жауынгерлік даярлығы және оларды жауынгерлік қолдану оқу орталығында генерал-полковник Руслан Жақсылықов ұшқышсыз басқару құрылғыларын пайдалану жөніндегі мамандарды даярлауға жасалған жағдаймен танысты.
Тараз қаласындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының ЖЖМ қоймасында министр жанар-жағармай материалдарының қорларын сақтау мен есепке алу ережелерін сақтауды тапсырды.
Сапар соңында қорғаныс ведомствосының басшысы әскери объектілердің инфрақұрылымын жетілдіру, жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру және мерзімді қызмет сарбаздары мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.