Қостанайда 32 мемлекеттік қызметші мас күйінде көлік жүргізген

QAZYGURT.KZ:     Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті әдеп жөнінде кеңес өткізді.

Жиында мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзу мониторингінің қорытындысы талқыланды. Аталмыш мониторингке 6 мың мемлекеттік қызметші қатыстырылған. «Мониторинг қорытындысы бойынша 382 мемлекеттік қызметкердің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Олар 529 рет әкімшілік тәртіпті бұзған. Барлық заңбұзушылықтың 59% — көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар, 41% — басқа да тәртіп бұзу фактілері», — делінген ведомство таратқан ақпараттық хабарламада. Мониторинг қорытындысына үңілсек, әкімшілік заң бұзу деректерінің басым бөлігі Қостанай ауданында (31) жасалған. Сонымен қатар Әулиекөл ауданында — 21, Қостанай қаласында 20 факт тіркелді. 32 мемлекеттік қызметші мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Осы жылы 3 мемлекеттік қызметші ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің талаптарын орындамау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны үшін 3 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп мәлімет таратты агенттіктегілер. Жалпы, Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілеріне әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жалпы сомасы 10,4 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

 

АҚПАРАТ көзі: inform.kz 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.