«КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН ШОҚПАРДЫ БЕЛГЕ БАЙЛАМА»

– Білесің бе, қазір әншілер жайлы жаңа мақалдар шығып жатыр.

– Қызық екен, қандай?

– «Әнші байыса кино түсіреді» және «Журналистер жалтаңдайды, әншілер талтаңдайды».

Күлкімді келтіретін бұл әңгіменің астарында шындығы да жоқ емес. Саңырауқұлақша қаптаған әншілер алдымен телехабарларды жаулады. Содан соң телетілшіліктің тізгінін ұстауға шықты. Мұны да қанағат етпей, актерлардың орнын басты. Ал қазір «Шығысым батыс болып кетті» дегендей, кино түсіруді бастап кетіпті.

ХХІ ғасыр жан-жақтылықты қажет етеді делік. Дегенмен, бізге маңыздысы сан ма әлде сапа ба? Әуелде Алла Тағала барлығымызға қабілет-қарым берді. Әркім өз қабілет дарынымен өнер, білім, ғылым әлеміне өзінше қанат қақты. Бірақ, әркім өз ісімен айналысқаны да керемет үйлесім емес пе?!

Отандық арналарда тележурналистердің басым көпшілігі журналситер емес, әншілер, кәсіби актерлар мен асаба актерлер. Телехабарлардың сапасы жайлы сөз болғанда журналистердің ит терісін басына қаптауға құмармыз. Бірақ әншілер мен актерлық өнерде білім алған жанның тележурналист болып жұмыс жасауы бізді шошытпай ма? Өзіңіз ойлап көріңізші. Журналистика факультетінде оқыған студент пен вокалды бітірген студентті салыстыруға бола ма? Тіл тазалығы телеарналарда сақталмайды, қазақ тілін аударма тілге айналдырып жатқан да солар емсе пе? Көрерменге керегі, біріншіден – тіл мәдениеті, тіл тазалығы. Бізде анайы көшенің әңгімелері, орынсыз қалжың, мысқыл. Екіншіден – сөйлемді дұрыс құрамау. Үшіншіден – үндестік заңын ескермеу. Теледидардан сөз сөйлеу – фонограммамен ән салу емес, ол телетілшіден майдан қылды суырғандай асқан шеберлік пен шешендікті, энциклопедиялық білімді талап ететін қатыгез өнер.

Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояптының кері келді. Жақсы. Киноны жарыса түсіріп жатыр. Бірақ сапасы қаншалықты? Әншілер қауымы тұнық экранды лайлап жатқан жоқ па? Көп жеген бал жүрек айнытады. Онсызда телехабарларды қоса қалсаң атып шыға келетін жұлдызсымақтар көрерменді әбден жалықтырды. Жақында өзін ұлы дала баласы санайтын Төреғали Төрәлінің «Ұлы дала комедиясы» кино туындысы жарық көрді. Фильм сценаристерінің жұмысына жақсы баға беруге болады. Әншінің басы бірнеше рет дауға қалғаны бар. Басты месседж – сол қылықтарына сұраған кешірімі, қатесін түсінгені. Актерлік шеберлікке келсек, Төреғали өзін ойнаған соң ба, шынайы шықты. Әнші Бүркіт те былтыр «Логовосын» ұсынды. Ерке Есмаханның «Махаббат кафесін» көрермендерге ұсынды. Бірақ аталған кинолар халықтың жүрегіне жол тапқан жоқ. Жұлдыздар ұсынған туындылар ақша табумен қатар, ақталуға бағытталатындай. Әлдебір назын жеткізудің тәсілі қылып алған ба дейсің. Өйткені аты шулы 91 тобы да өмірлерінің қиын сәттеріне кино түсіріпті мыс.

Алма ағашы оған нағыз бағбан күтімі жасаған кезде дәмді жемісін береді. Әрине, біз ешкімге шектеу қоя алмаймыз. Десек те, қалың көрермен ретінде оларға көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байламауларын сұраймыз. Себебі халық теледидардан ұлттық болмыстың абыройын асқақтатқан кәсіби тележурналистерді, кинодан нағыз шебер актерларды көргісі келеді,  әншілерді емес.

Ұ.Өскен

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.