ҚР ДЕНСАУЛЫҚСАҚТАУ МИНИСТРІ ЕЛЖАН БІРТАНОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА АРНАЙЫ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ
ҚР денсаулықсақтау министрі Елжан Біртановты әуежайдан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қарсы алды. Министр ұшақтан түскен бетте Кентау қаласына жол тартып, ондағы орталық аурухананың жұмысымен танысты. Ғимарат осыдан 35 жыл бұрын пайдалануға берілген. Министр қабылдау бөлімі, инсульт орталығы, Компьютерлік диагностика, жансақтау бөлімдерінің жұмысымен таныса келе аурухана ұжымымен жиналыс өткізді.
«Медицина саласы мамандарының қызметі ауыр да жауапты. Бірақ осы жолда аянбай еңбек етулеріңіз қажет. Келесі жылдан бастап жалақы көлемі 30 пайызға артқалы отыр. Науқастардың сенімін ақтайсыздар деп сенемін» ,- деді Елжан Амантайұлы.
Көпсалалы аурухана қазіргі таңда 170 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетуде. 316 төсек-орынға есептелген. Мамандандырылған және жалпы тәжірибелік дәрігерлер құрамы бар. Аурухана ұжымымен кездесу барысында мекеменің сондай-ақ 100 пайыз цифрландыру жүйесімен қамтамасыз етілгені атап көрсетілді. Биылдан бастап инсульт бөлімшесі толыққанды жұмыс жасап жатыр. Компьютерлік томографиямен қамтылған. Жақын орналасқан Созақ және Отырар аудандарының тұрғындары да дәл осы бөлімнен толық медициналық көмек алуда. Лабораториялық диагностика толық автоматты жүйеге көшкен. Елжан Біртанов жиын соңында аурухана қызметіне оң бағасын берді.