ҚР ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев бүкіл ғұмырын медицина саласына арнап, ерен еңбектерімен ерекшеленген дәрігерлер мен медбикелерді еліміздің тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Егемендік алғалы үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Мінеки, Түркістан- облыс орталығы мәртебесіне ие болды.  Басқармамыздың ғимараты осында көшірілді. Шаһар жылдан жылға көркейе түсетін болады.  Өңіріміздің медицина саласының қызметкерлері бір кісідей мемлекетіміздің дамуына ат салысатынына сенімдімін»,-деді Мұқан Кеңесбекұлы. Еліміз тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға жетті. Медицина саласы соның бір көрінісі деуге лайық. Мәселен, биылғы жыл Жетісай, Атакент, Мырзакент, Кентау қалалары мен Сайрам ауданында бірден бес жаңа емхана құрылысымен ерекшеленді. Сонымен қатар шалғай ауылдарда 19 модульдік медициналық пункт пайдалануға берілді. Келесі жылы Арыс қаласында, Сарыағаш және Келес аудандарында емханалар салынатын болады. Түркістан қаласында көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Оған қоса облыс бойынша жалпы барлық медициналық мекеме 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылған. Соның арқасында кезекте тұру уақыты қысқарды. Үйден шықпай, талдау нәтижелерін алуға, дәрігерді үйге шақыруға болады. Қағазды үнемдеудің арқасында шығын 15 млн. теңгеге қысқарды. 2020 жылы қаңтар айынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі. Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада басқарма басшысы Мұқан Егізбаев осынау табыс, жетістіктері мол сала мамандарына «Алғыс хаттар», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілер және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медалі,  «Құрмет грамоталарын» табыстады. Мерекелік рәсімде жалпы өңіріміздің 60-қа жуық медицина майталманы марапатталды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.