«ҚҰДАЙЫМ, ПЕЙІЛДІ АЛМА» ДЕГЕН ҚАЗАҚ ЕДІК

Ұлт құндылығын ұмыт қалдырып, қазақи болмысымыздан жұрдай болып бара жатқанымыздың көрінісі көбейген сайын көңіл алаңдайды.

Күні кеше бабаларымыздың «Жанымды алсаң да, малымды алсаң да, пейілімді алмашы, Құдайымын» айтып, биік болмысын сақтаған қазағымның бүгінгі ұрпағының өмір тынысын көргенде, өз көзіңе өзің сенер-сенбесіңді білмейсің. Қалайша қазақтың қазіргі ұрпағы сонша майдалануға дейін кетіп қалған деп таңданасың.

Айтпағымыз, той дастарханын қазақ әйелдерінің «сыпырып кететіндігінің» өрескелдігі жайлы. Той басталады, бір үстелде 10-12 адам отырсаңыз, оның жартысынан көбі әйелдер болып келеді.

Шымкенттіктердің тойы кешкі сағат 21:00-21:30-да басталмайтындығы бүкіл елге аян. Әсіресе, біздің тойымызға Алматы, астанамыз бен орталықтағы облыстардан келген қонақ болса, көздері мөлиіп, есіктен кіргендерді түгелдеумен отырғаны. Кеш басталды дегеннің өзінде біздің тойханамызда түнгі сағат 23:00-ден кейін санаулы адамдардың ғана қалатыны бар. Біздің тойымыздың төрінде отырған әйелдер түнгі сағат 22:00-ден өте бере дастархан үстіндегі түрлі тағамдарды сумкаларына салуды бастап, бас-аяғы жарты сағатқа жетпей-ақ үстелдің үстін «тазалап» тастайды. Сөмкелерін шермитіп, қос-қос целлофан қалташықтарды көтеріп, әйелдер тойханадан шығып кеткенде, сол отырған үстелге келген мысық та жалайтын жұғын таппай қалатыны анық. Тойға келгендер үстелінен тұрып кеткен кезде, олардың отырған жері «жылан жалағандай» болып тұрғанын көргенде жағаңды ұстайсың.

Тойханаға шіреніп зорға кірген елге танымал «олигархтардың» жоғары лауазымды шенді-шекпенділерінің әйелдері отырып кеткен үстелдің үстінде енді ыдыс-аяқтың аман-есен қалғанына қуанатын күніміз жақындап қалған сияқты.

Құдайдың пейілімізді алып қойғандығы шығар, тіпті бүгін де құдалық күткен жердегі үстелдің үстін де «тазалап» кетуге бойымызды үйретіп алдық. Әрине, құдалықтың көбі кафелерде күтіледі. «Алғашқы көрген есік қой, құда боп бірінші рет төрге шығып отырмыз ғой» деуден қалғанбыз.

Абайлайықшы, «Құдаларымыз ашар-шылықта туылған ба?» деп айтатынын да ойланудан  қалдық. Құдағилар үстелдің үстін сыпырып кететін болған соң, «Құдай пейілімізді алған екен ғой» демегенде не дейсің.

Тәтті-пәттінің аз жылдарында үйдегі немерелеріне «Бесік тойдан» «тыштыма», ал «Тұсаукесерден» әр немересіне бір-біреуден «карамель» конфет алып келген кешегі біздің әжелеріміз әулие екен ғой.

Не ішіп, не жерін білмей отырған байлардың әйелдері той дастарханын «талауға» салса, соның бәрі пейілдің кеткендігінен де.

Тойдан шыққанында қолына целлофан пакет ұстап шыққан әйеліне: «Не алып шыққансың?» деп айта алмайтын ер азаматтарымызды тек ғана аяу керек сияқты. Пейілдің кеткені отағасыдан басталғаннан кейін шығар, әйелдердің қолына түскенді жинап кететіні.

Дәл қазіргідей тоқшылық заман болған емес. Құдіреттің ісіне күпірлік жасап, пейілімізді құртып, бар несібемізден айырылып қалудан сақтанайық та, ағайын!

О.Қалтасов.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.