«КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» ТҮРКІСТАНДЫ КҮЙГЕ БӨЛЕДІ
Күй өнері – қазақтың рухани қазынасының бірі де бірегейі. Халықтың болмысын, тарихын, рухын қасиетті домбыраның үнімен жеткізген күйшілер артына өшпес із қалдырғаны белгілі. Осы орайда Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет орталығында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында «Күй құдіреті» атты Сүгір Әліұлы күйлерінің кеші өтті. Аталған шараны ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып отыр.Ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық өнеріміз арқылы ұлт руханиятының жаңғыруына атсалысу және жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысымызды сіңіре отырып, төл өнерімізді насихаттау концерттің басты мақсаты еді. Концертті құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев «Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген атақты күйші, сазгер Сүгір Әліұлы туралы жазылып та, айтылып та келеді. Ол туралы Жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» әңгімесін, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші» поэмасын, жазушы Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» романы мен «Назқоңыр» пьесасын жазды. Сүгірдің күйлерін кеңінен насихаттап, халық жадынан өшірмеуге бірден-бір атсалысып жүрген мәдениет және өнер адамдарының еңбегі ерен. Әрдайым өнердің биігінде болып, шығармашылықтарыңыздың дами беруіне тілектеспін!», деп лебізін білдірді. «Күй құдіреті» атты Сүгір Әліұлы күйлерінің кешін өткізуге мұрындық болған «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Халықаралық «Жұбановтар әуені» байқауының лауреаты екенін атап өткен жөн. Бұл тағылымы мол концертте Сүгір Әліұлы, Төлеген Момбеков, Жаппас Қаламбаев, Бөрі Иса, Әлімбек Қонысбеков, Қасымбек Сарымбетов, Батырхан Рыспанбетов сынды композиторлардың күйлері, шығармалары орындалды.