Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі
Қазақта “қыз” деген сөздің өзі әдеміліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады. Қыз баланы кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Қазақ қызының асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана! Халқымыздың ырыс-ынтымағын, береке-бірлігін, туыстық татулығын іске асыратын, отбасының жылуын сақтап қалатын – ана.
Қазір қоғамда кейбір қыздарымыздың шектен шыққан әдепсіздігі қалың көпті қатты алаңдатады. Яғни, ар-ұятын ұмытқан қыздарымыздың арасындағы келеңсіз жағдайлардың өсіп келе жатқан жас ұрпаққа кесірін тигізіп отырғаны рас. Қыздарымыздың осындай теріс жолға түсуіне бірден-бір себепші кінә – теледидар. Себебі, оның қай арнасын қоссаң да қантөгіс, кісі өлтіру, тыржалаңаш әйелдердің ерсі қылықтары. Бұны көрген бала оған еліктеп, көргенін істегісі келеді. Бұл жай ма? Әлеуметтік желілер, түрлі сайттар, адам көріп болмайтын ұятты көріністер, осының бәрі — бәрі қазіргі қыздарымыздың ертежүктілігіне, өз-өзіне қол жұмсауына, әлеуметтік желілерге жалаңаштанып түскен фотосуреттердің көптеп салынуына әкеліп жатыр.
Баласының болашағына әрбір ата-ана жауапты болғаны ләзім. Шынында да мына заманда қыз тәрбиесіне бейтарап қарауға болмайды. Біздің жұлдызға теңеп, биік көріп жүрген әнші-актриса қыздарымыздың өзі тәлім-тәрбие дейтін үлкен теңіздің шекарасынан шығып қалған. Олай дейтін себебім, қазіргі ел аузында жүрген Баян Есентаева, Кәмшат Жолдыбаева, Айжан Байзақова сияқты бірқатар қазақ жұлдыздары ашық-шашық киініп, “жаманның жалаңдаған тілі – жау”демекші аузына келгенді сөйлеп, тыңдар құлақ пен көрер көздің сазы мен назын кетіріп алған. Ол-ол ма? Әлеуметтік желіде қазақтың әшекейін тағып, сәукелесін киіп жалаңаштанып суретке түскен Шырын Наршаева елдің қызу талқысына түсті.” Ұят”, ”Ұлттық киімді қорлау ғой”, “Мұның бәрі хайп үшін”, “Аллам кешірсін!” деп халық бойжеткенді аяусыз сынап тастады. Бұл не масқара десеңізші?! Ендеше “Қыз – болашақ ана” деген әдеп сөздерден аспай, қазақ қызына тән қадір-қасиеті мен нәзік қылығын сақтап қалған жөн. Дені сау, ширақ туып-өскен, ата — анасын, ағайын-туысын сыйлап өскен қыз халқымыздың болашағы, қоғамымыздың тұтқасы болмақ. Соңғы сөздің түйіні: Абырой, намыс, арды сақтап жүріңіз, Қыз тәрбиесі–ұлт тәрбиесі,білсеңіз!
Аружан Өтеп,
Жетісай қаласы,
№37 “Еңбек”
жалпы орта мектебінің
11 -сынып оқушысы