МАҚПАЛ САЛҒАН ӘНДЕР-АЙ!
Биылғы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы сан түрлі тағылымды іс-шараларға толы болып отыр. Мәдени бағдарламалар аясында Ташкенттегі «Түркістан» өнер сарайында әйгілі әнші, Қазақстаннның Халық әртісі Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Аталмыш іс-шараны Өзбекстан Мемлекеттік филармониясы мен Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірге ұйымдастырған болатын.
Қазақстан эстрадасы жарқын жұлдыздарының бірі Мақпал Жүнісова қырық жылдай уақыттан бері өзінің әндерімен және шығармашылық қызметімен көрермендерін көл-көсір қуанышқа бөлеп келеді. Сөйтіп, қазақ ұлттық ән өнеріне айтарлықтай сүбелі үлес қосып жүр.
Белгілі әнші Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданындағы Теректі ауылының тумасы. Ата-анасы – сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ізгі ниетті жандар. Әкесі – қарапайым жүргізуші, анасы – үй бикесі. Олар өздерінің перзенттерін еңбексүйгіштік пен мейірбандыққа, сұлулық пен өнерге баули білген. Сол себепті де болса керек, жауапкершілік жүгін жете сезінген әншінің өнерге деген сүйіспеншілігі тым ерте, кішкентай кезінен оянған.
Қыздарының айрықша қарым-қабілетін аңғарған ата-анасы Мақпалды Алматыдағы музыкалық мектеп-интернатқа оқуға береді. Сөйтіп, ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен республикалық «Қазақконцерт» бірлестігі ұйымдастырған мәдени-көпшілік шараларға белсене араласа бастаған.
1979 жылы Мақпал Жүнісова «Гүлдер» ансамблінің белді мүшесіне айналды. Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын бітіргеннен кейін сол кездегі КСРО республикаларындағы эстрада жұлдыздарының үздік ондығынан орын алады. Ол Австрия, Венгрия, Германия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Қытай, Швеция, Канада, тағы басқа шет мемлекеттерде өнер көрсеткен. 1989 жылы талантты әнші қыз Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс, ал 1994 жылы Халық әртісі атанды.
«Түркістан» сарайында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі мен Saz@Soul вокальды-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өткен концертте өзбекстандық көрермендер қазақ әншісінің концерттік бағдарламасын ыстық ықыласпен қабылдады.
– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық нығая берсін! -деді әнші. – Бұл концерт қос ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қарым-қатынастардың бұдан да ары қарай дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Өзбек эстрадасын өте жақсы көремін. «Ялла» ансамблінің, Юлдуз Усманованың әндерін жатқа білемін және шырқай аламын. Өзбекстандық эстрада жұлдыздарын Қазақстанға шақырамыз. Өйткені, елімізде олардың өнері тәнті болушылар өте көп, -деді әнші.
Біздің халқымыздың жүрегін жаулап кең тараған бірқатар танымал әндерді әйгілі әнші мен көрермендер бірге шырқады. Концерттік бағдарлама көтеріңкі көңіл күйде өтті.
Мақпал кештегі Мақпал салған әсем әндер осылайша тыңдармандардың жүрек төрінен орын алғаны рас. Бұл концерттен қалың жұртшылықтың: «Мақпал салған әндер-ай!» деп тамсанып тарасқаны күмәнсіз.
Ф.ҚАНАЕВА,
ӨР, Шыршық қаласы.