МАҚТААРАЛ: АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ЕЛГЕ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облыстық және Мақтаарал, Жетісай аудандарының ардагерлер кеңесі  үндеу  жариялады. Бұл үндеу облыс халқына,  кәсіпкерлерге, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге де арналған.

   Атакент кентінде өткен жиынға Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев,  облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары  Кенжехан Төлебаев, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, ғалым Ибадулла Үмбетаев қатысып, жиналғандарға үндеудің негізгі мақсаты мен мазмұнын түсіндіріп берді.

  «Бұл біздің өңір халқының басына түскен ауыр нәубет, үлкен сын. Біздер, Түркістан облысы халқы, мызғымас бірлігіміздің, татулығымыздың, ынтымағымыздың арқасында мұндай сындардан талай рет өткенбіз. Мемлекеттің, қалың жұртшылықтың қолдауымен бұл сыннан да өтетіндегімізге сеніміміз кәміл. Тасқын су зардап шеккен, құлаған, пайдалануға жарамсыз болып қалған нысандарды қалпына келтіруге, сөйтіп тұрғындарды қалыпты өмірге көшіруге едәуір мөлшерде қаражат, құрылыс материалдары, техника мен қол күші қажет болады. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген аталы сөз бар. Ендеше әрқайсымыз мүмкіндігімізге қарай үлесімізді қоссақ үлкен іс жасаған, елдігімізді танытқан болар едік», — деді үндеу мәтінін жария еткен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары  Кенжехан Төлебаев.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары тасқын сумен күрес жұмыстарының барысын баяндап,  қайырымдылық шараларының арқасында арнайы қоймадағы азық-түліктің сағат санап молайып келе жатқанын жеткізді.

«Тасқын су салдарынан Мақтаарал ауданында жалпы 6127 тұрғыны бар 5 елді мекенде  845  тұрғын үй зардап шекті.  Бұдан бөлек, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысаны мен 1 мәдениет үйі, сондай-ақ, 10 дүкен суда қалды. Бұл оңай шығын емес. Ендеше, облыс халқы қиындыққа тап болған мақтааралдықтарға көмек қолын созып, қиындықты бірге еңсеруге атсалысары сөзсіз» , — деген Бейсен Дәулетұлы  ардагерлердің бастамасына қолдау білдірді.

Аталған үндеуге қолдау білдірген облыс халқы, кәсіпкерлері мен еріктілері қазірдің өзінде облыстық қорға 1 млн теңге көмек қаржы аударып үлгерген. Бұл көлем алдағы уақытта еселеп өсіп, жиналған қаржы-қаражаттар тұрғын үй, жол салу жұмыстарына бағытталатын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.