МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ОБЛЫСТЫҚ «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНДЕ ІІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Мақтаарал ауданы облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде жүлделі ІІ орынды иеленіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдыдан арнайы марапат алды. Төрт айға созылған өнер фестифалінде облысымыздағы 16 аудандар мен қалалардың өнерпаздары киелі Түркістан шаһарында мәдени күндерін өткізіп, қалың көрерменге түрлі концерттік бағдарламалар қойды. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Мақтаарал ауданының мәдениет күндері «Visit Turkistan» орталығы алаңында ағымдағы жылдың шілде айының басында өткен болатын.

Мақтаарал ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері үш күнге жоспарланып, шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ал, екінші күні мәдениет күндері ұлттық құндылықтармен толыға түсті. Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.

Үшінші күні мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы Гаухар Әлімбекова мен Асылжан Абдулла қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап, мәдени күндерді қорытындылау мақсатында гала-концерт өтті.

Міне, қалың көрермен мен әділ-қазыларға ұнаған Мақтаарал ауданының мәдени күндері аясындағы өнерпаздарымыздың еңбегі өз нәтижесін беріп, ауданымыз облыста жүлделі ІІ орынды иеленіп отыр. Айта кетейік, облыс әкімі арнайы дипломмен қоса дыбыс жазу студиясының сертификатын да табыстады.

 Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.