МАҚТААРАЛ АУДАНЫНА ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫ КӨМЕККЕ КЕЛДІ

Еліміз сын сағатты бастан кешіріп жатқан шақта Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған апат барша қазақстандықтарды алаңдатып, аудан жұртшылығын әбігерге түсіргені белгілі.

Осыған орай, жерлестерімізге ел болып қолдау көрсетіп, мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келуде. Теңіздей көңілмен тамшыдай үлесін қосам деген ағайынның ақ ниетін әр өңірден ағылып келіп жатқан жүк көліктерінен айқын аңғаруға болады.

Бүгін аталмыш қолдау Алматы облысы тұрғындарынан келіп жетті. Жетісу керуені 15-тен астам жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмек әкелді. Оның 120 тоннасы азық-түлік болса, 140 тоннасы құрылыс материалдары (шифер, цемент, құрғақ смесь (гипс), тақтайлар, кірпіш) болып отыр.

Жетісу жұртшылығының ақжолтай аманатын жеткізіп, үлкен топты бастап келген азаматтардың бірі, Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас құтты мекеннің көмегі мұнымен бітпейтінін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, Жетісу өңірінен 15-ке жуық ерікті жастар еріп келген. Олар Мақтаарал ауданында 10 күнге қалып, қалпына келтіру жұмыстарына біркісідей ат салыспақ.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Жетісу жастарының елдімекенге пайдасы тиер кез-келген
жұмысқа білек сыбана кірісуге әзір екендігін білдірді.

Рахым жауған Рамазан айында ізгі ниетпен келген жетісулықтар су тасқынынан зардап шеккен ағайынға ауызашар ұйымдастыруды да қолға алып, «Жетісу Мақтааралмен бірге» екендігін игі істерімен көрсетуді мақсат тұтып отыр.

Айта кетсек, тілсіз жаудан зардап шеккен аудан тұрғындарына еліміздің әр аймағынан әлеуметтік көмек түрлері көрсетілуде.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.