МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ

Мақтаарал ауданында тәрбиелі де, білімді ұрпақ өсіру — ең бірінші кезекте тұр. Мәселен, аудан бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталса, дәл осы салада 4 мыңға жуық ұстаздар қауымы қызмет етуде. Бүгін бұл туралы 1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова атап өтті.

Мақталы өңірде соңғы жылдары бала саны күрт артып, облысымызда демографиялық көрсеткіштерімен көзге түсіп келеді. Мерекелік жиында сөз алған Алтын Күнтуқызы балаларымыздың бақытты ғұмыр кешіп, олардың сапалы білім алуы үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек екенін атап өтті.

«Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ауданымызда түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. Әрине, біздің болашағымыз — жас ұрпаққа берілген білім мен тәрбиеге байланысты екені белгілі. Осыған орай, білім саласын одан әрі дамытуға аса мән берілуі керек. Қадірлі жас достар! Сіздер біздің болашағымызсыздар! «Балалы үй – базар» демекші, біздің бар қызығымыз — Сіздерсіздер! Өмірде де, оқуда да озат болуларыңа тілектеспін. Жазғы демалысты керемет көңіл-күймен өткізіп, жаңа оқу жылына зор қуанышпен орала беріңдер. Бүгінгі мереке баршаларыңызға шуақты шаттық пен қуаныш сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, бейбіт өмір, амандық тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді А.Күнтуқызы.

Мерекелік іс-шарада мектеп оқушыларынан құралған өнер ұжымдары қалың көрерменнің қошеметіне бөленіп, өз өнерлерін ортаға салды. Мерекеге орай балаларға сый-сияпат жасалып, аудан әкім Бақыт Асановтың атынан 700-ге жуық балмұздақ таратылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда мектеп жасындағы балалардың саны 27 108-ді құраса, мектепалды дайындық топтарында 2395 бала тәрбиеленуде. Ауданда өнерлі бүлдіршіндердің шығармашылығын шыңдайтын мектепішілік үйірмелер жұмыс істейді және онда 2 мыңға жуық оқушы түрлі дайындықтардан өтуде. Сондай-ақ, білім ұяларының да жетістігі көңіл қуантып отыр. Мақталы өңірдің өнерлі өрендері түрлі республикалық, облыстық сайыстарда жүлдегер атанып, ауданымыздың атын шығарып жүр.

Мақтаарал ауданында «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі де басты назарда тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында балабақша санын арттыру нәтижесінде қамту деңгейін алдағы 1 жылда 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, жыл сайын мектептердегі оқушылар саны артып келеді. Былтыр 5 мектеп пайдалануға берілсе, биылдың өзінде ауданымызда 7 мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.