МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданында болды. Аймақ басшысы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылыс қарқынымен танысты. Аудандағы 68 елді мекенінің жартысынан астамы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Кешенді жоспарға сәйкес, аудан басшыларына алдағы бірнеше жылда мәселені түбегейлі шешу міндеттелді.
Аймақ басшысы республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың бүгінгі ахуалымен танысты. Жоспар бойынша биыл А-15 Жизақ — Гагарин — Жетiсай — Киров — Қызыләскер -Сарыағаш-Абай — Жiбек жолы күре жолдарында орта жөндеу, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудан бойынша жолдардың ұзындығы 339,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 86,5 шақырым.
Облыс әкімі Мырзакент кентінде бой көтерген 250 орындық емхана болды. Тиісті медициналық құрал-жабдықтардың толық жеткізілмеуінен бұл нысан пайдалануға берілмеген. Өмірзақ Естайұлы емдеу мекемесін халық игілігіне уақытылы тапсыруды міндеттеді.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл — Ел бесігі» жобасының аясында Мырзакент кентін абаттандыру және көріктендіруге бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда. Ауданда спорт, мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізіліп, көшелерді жарықтандыру, бағдаршамдарды орнату жұмыстары қолға алынған. Соның бірі — орталық алаңда ашылған «Жастар» гүлзары. Облыс басшысы жаңа демалыс орнында жергілікті халықпен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жарты ғасыр бұрын кірпіші қаланған мектептің орнына 300 орындық жаңа білім ұясы бой көтеруде. Аймақ басшысы жергілікті басшыларға құрылыс сапасы мен артық шығындарды қадағалауды жүктеді.
Ақ алтынымен танымал Мақтаарал ауданына қарасты 60 мың гектардан астам егістік алқап тұтастай суармалы жер екені белгілі. Соңғы жылдары жерасты суларының тез көтерілуінен жер сорланып, шаруаларының мол өнім алуына кедергі келтіруде.
Одан қалса коллекторлық жүйелердің тазаланбауы, каналдар мен арық-атыз бетондарының шіруі немесе мүлде болмауы — егістік алқаптарына су жеткізуді қиындата түскен. Мәселені шешу үшін мемлекет қаржы бөліп, ПУИД-2 жобасы, яғни, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 39796 гектар аумақ қамтылып, жұмыс 3 кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады. Құрылыс жұмыстарын Әзірбайжан, Иран және Израиль елдерінің белді компаниялары жүргізіп жатыр. Жобаны іске асыру мерзімі 3 жылға жоспарланған. Жалпы, жобаның 3 кезеңі бойынша бүгінгі таңға дейін 9 канал жөндеуден өткен. Қысқы сор шаю жұмыстары аяқталғаннан соң, құрылыс жұмыстары қайта жалғасады.