МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚЫТ АСАНОВ «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАП ЖҮР

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қамқорлық» кешенді бағдарламасын жариялаған болатын. Бұл жобаның мақсаты – тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды түгел анықтап, оларға жүйелі көмек көрсету болмақ.

Жоба бойынша облыстық және аудандық бюджет есебінен, демеушілер және қайырымдылық қорлар арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық, жұмысқа орналасу, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіліп, олардың еңсе тіктеулеріне жағдай жасалады.

Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бақыт Асанов өзінің халық алдында есепті кездесуін бастамас бұрын А.Қалыбеков ауылдық округінде тұратын Әшілдаевтар отбасына барды. Ең алдымен, аудан басшысы үй-жағдайын сұрастырып, отбасыға кіріс кіргізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Әшілдаевтар отбасында 7 адам бар. Балаларының 2-еуі студент, 3-еуі оқушы. Отағасы да, отанасы да жұмыссыз. Үйінің ауласында егістік егуге арналған 20 соток жер бар. Аудан басшысы отағасына «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» жобасы бойынша құрылыс жұмыстарына жұмысқа орналастырып беруді ұсынды. Сондай-ақ, үй ауласындағы жерге егін егіп, пайда табуға болатынын айтты.

Екі ауылдық округтің тұрғындарына берген есептік кездесуінен соң аудан әкімі Бақыт Насырханұлы Достық ауылдық округінде тұратын Қарабаевтар отбасына барды. Отанасы, көп балалы ана Перизат Қарабаева І топтың мүгедегі. Осыдан 3 жыл бұрын жол апатына ұшырап, төсек тартып қалған.

П.Қарабаеваны ота жасау үшін 35-40 мың доллор көлемінде қаражат қажет екен. Науқастың жай-күйімен танысқан аудан басшысы квота қарастырып, демеушілер ұйымдастыру үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді. Сондай-ақ, квотаға құжаттарды туырлау жұмыстарын сүйемелдеуге әкімдік тікелей көмектесетінін айтты.

Айта кетейік, екі отбасының мәселесі бойынша хаттама түзіліп, тиісті шаралар қолға алынды. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша құрылған жұмыс тобы аталған отбасыларды аяққа тұрғызғанша жұмыс жасайтын болады.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.