МАҚТААРАЛ ОБЛЫСТА ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНАН КЕЙІН ЕКІНШІ АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен киелі Мақтаарал ауданы тарихи қалпына келтірілгеніне де 1,5 жылдан аса уақыт болыпты. Осы аралықта дамудан кешеуілдеген Мырзакент пен Атакент кенттерінің, ауданға қарасты 9 ауылдық округтің бойына қан жүгіріп, ақ алтынның ордасы дамудың даңғыл жолына түсті. Ауданымызда қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, мақталы өлке күн санап көркейіп келеді.
2019 жылы республикалық бюджеттің есебінен құрылысы жүрген 2 мектеп пайдалануға берілді. Олар Жамбыл ауылдық округі, Кеңесшіл ауылындағы 300 орынға арналған Қ.Үкібаев атындағы және Қалыбеков ауылдық округі, Атамұра ауылындағы 300 орынға арналған Қ.Қайсенов атындағы жалпы орта мектептер. Қос мектептің құрылысына 1 миллиард 879 миллион теңгенеден аса қаржы жұмсалған.
Өткен жылы облыстық бюжет есебінен 200 орынға арналған 5 мектептің құрылысы басталды. Өргебас, Арайлы, Мақтажан, Ж.Қалшораев, Көкарал елді мекендерінде құрылысы жүріп жатқан аталған нысандар 2020 жылы пайдалануға берілетін болады. Мұнан бөлек, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен Өркен, Игілік елді мекендерінде 100 орындық 2 мектептің құрылысы басталған болатын. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын 2019-2020 оқу жылына дайындау мақсатында С.Мұқанов атындағы жалпы орта мектебіне 160 миллион 464 мың теңге қаржы қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мырзакент пен Атакент кенттерінен жедел жәрдем көрсету станциясымен қатар, 250 орындық 2 емхананың құрылысы жүргізілді. Аталған қос нысанның құрылысына 3,1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды.
Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, бағдарлама аясында 500 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп, бірнеше нысандардың құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, Мырзакент кентінде орналасқан Абылайхан атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп, аудан орталығында ұзындығы 13,35 шақырымды құрайтын 13 көшеге орта жөндеу жұмыстары жасалды.
Жаңа жыл қарсаңында жергілікті бюджет есебінен құны 45,9 миллион теңгені құрайтын Мақтаарал ауданының кіре-беріс қақпасы пайдалануға берілді. Нысанның аумағы 42,50 метр квадратты құрап, айналасы толықтай абаттандырылған. Атап айтқанда, орындықтар орнатылып, шыршалар егіліп, жарықтандыру жұмыстары жасалған. Ауданның бас қақпасының ені 20,5 метрді, биіктігі 12 метрді құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Мақтааралдың бас қақпасы Тараз қаласының батыс қақпасынан 1,8 метрге ғана кіші екендігін көрсетеді.
Мұнан бөлек, аудан орталығы Мырзакент кентінің батыс және солтүстік қақпалары бой көтерді. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Атакент кенті мен 9 ауылдық округтің де қақпалары жаңартылды. Аудан әкімінің бастамасымен ауданның кіреберісінен бастап Атакент пен Мырзакент кенттерін, М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы «Сапар», «Достық» базарларының маңын абаттандыру, көркейту, көгалдандыру үшін тиісті қаржылар бөлініп, қыруар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, аудан орталығы мен Атакент кентін абаттандыру мақсатында 16,5 шақырымды құрайтын аяқ жолдар жөндеуден өтіп, жаңадан салынған аяқ жолдардың бойына 136 орындық, 265 қоқыс жәшіктері орнатылды.
Ұзындығы 21,3 шақырымды құрайтын 18 көшеге 707 дана жарық шамдары қойылды. Қолданыстағы 23,5 шақырым жарық жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Мырзакенттің орталық көшесінің бойына қоршаулар, 2 көшенің қиылысына жаңадан бағдаршамдар орнатылды. М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы Сапар базары аумағы қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Мырзакент кентін абаттандыру жобасы бойынша бұрынғы орталық алаң қайта жөндеуден өтіп, 2019 — Жастар жылына орай «Жастар гүлзары» атауымен Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне берілді. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін нысан аудан тұрғындары мен жастардың ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерді. Бұдан бөлек, 9 дана ойын алаңшалары пайдалануға берілген.