МАҚТААРАЛДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 43,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ
Ауыл шаруашылығы саласы қашанда аудандағы ең маңызды сала болып қала бермек. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асырып, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту керектігін көрсеткен болатын. Міне, ауданымыздың ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдында үнемі өнім көлемін арттыру секілді үлкен міндет тұр. Оған елдің бірлігі, халықтың ынтымағы және көпшіліктің қажырлы қызметінің арқасында жетудеміз.
2019 жылы Мақтаарал ауданының диқандары 60 926 гектар жерге егін екті. Оның ішінде 38 185 гектары мақта, 11 502 гектары бақша, 3 178 гектары дәндік жүгері, 2 055,4 гектар жерге көпжылдық екпе, 2 003 гектары жаңа жоңышқа, 1 827,6 гектары түрлі көкөністер, 1 615 гектары күріш, 500 гектары сүрлемдік жүгері, 152 гектары маш, 47 гектары жаздық бидай және 54,2 гектар жерге картоп егілген болатын.
2018 жылы ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Орташа өнімділік 25 центнерге жеткен болатын. Ал, 2019 жылы аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 99,5 мың тонна ақ алтын жиналып, мақталы орданың көрсеткіші 1,1 центнерге артты.
Мақтаарал — қауын-қарбыздың да отаны. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Шаруаларымыздың тынымсыз еңбектерінің арқасында 2019 жылы бақша дақылдарынан 291 363 тонна өнім өндіріліпті.
Жаз айларында Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толды. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.
Сол секілді ауданымыздың еңбекқор диқандары өткен жылы 46 132 тонна көкөніс, 62 775 тонна мал азықтық дақылдарды, 9 450 тонна күріш, 234 тонна бидай, 957 тонна жүзім, 667 тонна жеміс-жидек, 299 тонна маш өндірген.
Осылайша 2019 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 43,2 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы 32,4 миллиард теңге, мал шаруашылығы 10,7 миллиард теңге, ауыл шаруашылық қызметі 462,1 миллион теңгені құрады.
2019 жылы жылыжайлар көлемін қосымша 5 гектарға ұлғайту тапсырмасы берілген болса, 5,9 гектар жерге жылыжайлар құрылып, тапсырма артығымен орындалды. Сондай-ақ, 60 гектар алқапқа жаңадан жүзім көшеттерін отырғызуға және 50 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын ендіруге тапсырма беріліп, екеуі де 100%-ға іске асты. Ал, 2019 жылы 94 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу тапсырмасы берілген болса, жыл қорытындысы бойынша 124 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынып, жоспар артығымен орындалды.
2019 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 26 бас ірі қара малы алынып, қосымша 17 бірлік мал бордақылау алаңдары, 7 шағын жанұялық сүт аулалары ашылған. Жылдың қорытындысымен тапсырмалар артығымен орындалған.