МАҚТААРАЛДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Мақтаарал ауданында 30 тамыз — Констиуция күні аталып өтті. 1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған күн 28-ші рет атап өтілуде. Мерекелік кеште ата заңымыз Конституция кітабы төрге шығарылып, әнұранымыз шырқалды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов құттықтау сөзге шығып, аудан әкімі Бақыт Асановтың ыстық лебізін жеткізді.
«Конституция қабылдау арқылы мемлекетіміз өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырғанын, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалғанын атап өтті. Біздің барлық жетістіктеріміз халқымызды ұйыстырған Конституциямыздың арқасы деп білемін. Сондықтан, Ата Заңымыздың 28 жылдық мерекесі аясында Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бітпес бақ-дәулет тілеймін!» — деді, Н.Атақұлов.
Іс-шара барысында аппарат басшысы заңның нормаларының сақталуына белсенді атсалысып жүрген бір топ әртүрлі саланың қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, 2022 жылдың 5-маусымында елімізде бүкілхалықтық референдум өтіп, ата заңымыз Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енді. Осылайша халқымыз Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадам басты.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі