МАҚТААРАЛДА ШЕКАРАШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Мақтаарал ауданы — шекаралы аймақ. Аудан Өзбекстан Республикасының 2 облысымен, оның ішінде 5 ауданымен шектеседі. Сондықтан да, өңірде тұрғындар шекарашылардың қызметіне ерекше құрметпен қарайды. Биыл ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осыған байланысты «Мақтаарал» мәдениет үйінде арнайы ұйымдастырылған салтанатты кеш өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров қатысып, күн-түн демей ел тыныштығын күзетіп жүрген шекарашы сарбаздарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Нұрбол Жақсылықұлы бір топ сарбаздарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

«Тәуелсіздік жылдары еліміз мемлекеттік шекарамызды заңдық тұрғыдан халықаралық қауымдастық алдында мойындатты. Осы тұрғыда кірпік қақпай ел тыныштығын күзетіп тұрған шекарашыларымызда үлкен жауапкершілік жүгі бар. Жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін, ұзындығы 15 мың км-ден асатын еліміздің шекарасын күзету оңай шаруа емес. Сіздер елдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне аса сақтықпен қарап, өздеріңізге артылған жүкті абыроймен көтеріп келесіздер» — деді Н.Саттаров. Мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері тарапынан батырларымыздың ерлігі жырланып, шекарашы сарбаздар әскери өнерлерін паш етті.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.