МАҚТААРАЛҒА БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНАН КӨМЕК ЖЕТТІ
Мақтааралдағы топан судан қиналған тұрғындарға Батыс Қазақстан облысынан 20 тоннадай гуманитарлық көмек келді. Бұл керуенді жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды.
Атап айтсақ, сол өңірдегі облыстық мәслихат депутаттары Нұрғазы Сәтбаев, Мұрат Жақсыбаев, Валерий Голоухов, Валерий Крылов және «Кублей» ЖШС ұжымы мен меценаттар атсалысқан.
Жалпы құны 10 млн. теңгелік жүк Атакенттегі орталық қоймаға жеткізілді. Ақжайықтың жағалауынан келген азаматтар тұрғындардың сұранысына сәйкес, азық-түлікпен қатар өзге де қажетті заттарды ала келіпті. Оның ішінде 1 тонна ұн, 1500 литр өсімдік майы, 2000 дана консервіленген тағам бар. Оған қоса 1000 дана шелек пен кір жуғыш ыдыстар, 300 дана матрас пен жылы жамылғы, «Талап» АҚ-ның антисептиктері, гигиеналық заттар мен жөргектер де жеткізілді.
Батыстағы ағайынның ыстық ықыласын ала келген азаматтар Мақтааралдықтармен бірге әрі көмек көрсетуге дайын екендерін білдірді.