МАҚТААРАЛҒА ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Мақтаарал ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген Төлепұлы жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі өзекті мәселелермен танысты.

Ең алдымен депутат Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Атамекен» кедендік бекетіне барды. Бұған дейін көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, жол қатынасын қиындата түскен еді. Мәселені шешу үшін аудан әкімдігі тарапынан кедендік бекеттің аймағын көріктендіру, көгалдандыру, кеңейту жоспары жасалды. Атап айтқанда, шекара маңынан сауда логистикалық орталығын құру, оның ішінде сауда базарлары, қонақ үй, автотұрақ, қоймалар, тұрғын үйлер мен түрлі спорттық алаңшаларды салу көзделген болатын. Қазіргі таңда автотұрақ пайдалануға берілген.

Мұндағы өзекті мәселе — Атакент кенті мен Мақтарал ауылдық округінің елді мекендерінің арасымен жүретін жүк көліктеріне айналма жол салып беру. Егер, жоба жүзеге асса ауданның ішкі жолдары бұзылудан сақталып, тұрғындар мен мектеп оқушыларына жол-көлік оқиғасынан төнетін қауіп азаяды. Міне, осылай деген аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков депутаттан мәселені Парламентте көтеріп, жобаның жүзеге асуына көмек беруін сұрады.

Мұнан соң Қ.Ержан Еңбекші ауылдық округі «Нұрлы таң» елді мекеніндегі  «Темірболат» шаруа қожалығына аялдады. Қожалықтың басшысы Рүстем Темірболатов 50 бас бұқаны бордақылауда. Негізінен өндірген етін ішкі нарыққа сатады. Ірі қараның ерекше тұқымын 3 ай бойы бордақылап, әрбір мал басынан орташа 300-350 келі ет өндіруде.

Р.Темірболатовтың 4 гектар жері бар. Қауын өсіріп, өнімін шетелге экспорттаған ол қалдықсыз өнім шығару үшін мал бордақылау алаңын ашқан. Атап айтқанда, экспортқа жарамсыз, сұрыптаудан өтпеген қауындарды кебекпен араластырып, малдарын жеммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, ол бұл кәсіппен бірнеше ауылдастары айналысып жатқанын тілге тиек етті. Жалпы Еңбекші округі бойынша 15-тен аса мал бордақылау алаңы жұмыс жасап жатыр екен.

Халық қалаулысының келесі аялдаған нысаны — ПУИД-2 жобасы.  Жоба жалпы 39 796 гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілуде.

Жобаның І кезеңі бойынша әзербайжандық «Акилик Груп» компаниясы, ІІ кезең бойынша ирандық «Туннель Саад Ариана» компаниясы, ІІІ кезең бойынша израйлдік «Тахал Консалтинг Инжиниринг» команиясы қызу жұмыстарды жүргізуде. Жобаның 3 бірдей кезеңі де аяқталғаннан соң Мақтаарал ауданының егістік алқаптары жер асты суларынан, сорланудан тазарып, қазіргіден 2-3 есе көп өнім алуға және мақтадан басқа ауыспалы егістіктерге көшуге мүмкіндік болады.

Депутат Қ.Ержан дәл осы Еңбекші ауылдық округіне қарасты «Шұғыла» елді мекеніндегі Шұғыла жалпы орта мектебінде аудан активімен жиын өткізіп, өңірдің өзекті мәселелеріне құлақ түрді. Сонымен қатар, аудан әкімінің аппаратында жеке қабылдау өткізіп, тұрғындармен ашық сұхбаттасты.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.